Созақ ауданында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тапсырысы негізінде Суындық каналы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Мұндағы мақсат ауыл шаруашылығы саласына бейім аймақ дихандарының егістігін қажетті мөлшерде әрі шығынсыз ағын сумен қамтамасыз ету болып табылады. Осы орайда маңызды су нысанындағы құрылыс барысымен Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов пен басқарманың Су ресурстары бөлімінің басшысы Ермұхамед Құралбеков және "Тұран су" мекемесінің басшысы Досхан Лесов арнайы келіп танысты. Сонымен бірге Созақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырбек Мейірманов пен жергілікті ауыл округінің әкімі де каналдағы күрделі жөндеу жұмыстарына қанық болды.
Қазіргі таңда Суындық каналының күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Яғни жоба бойынша жалпы ұзындығы 22,71 шақырымды құрайтын су арнасының әбден тозығы жеткен ескі лотоктары толығымен жаңасына алмастырылу үстінде.
Осының нәтижесінде гидротехникалық құрылымдардың ПӘК (пайдалы әрекет коэффициенті) артып, суармалы жерлер вегетациялық кезенде сумен қамтамасыз етіледі. Ең бастысы Созақ ауданы бойынша 1430 гектар егістік жердің су алу мүмкіншілігі артып, 100 гектар суармалы жер жаңадан айналымға қосылады деп күтіліп отыр. Осы орайда құрылыс барысына жан-жақты қанық болған басқарма басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов жұмысты өз мерзімінде әрі сапалы аяқтау жөнінен мердігер мекемеге нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетсек күрделі жөндеуге дейінгі бұл каналдың ПӘК (пайдалы әрекет коэффициенті) 0,65 болса, күрделі жөндеуден кейін бұл көрсеткіш 0,95 құрайды деп күтілуде. Ең бастысы тиісті жұмыстар биыл қазан айында толық аяқталып жаңарған Суындық каналы пайдалануға тапсырылатын болады.