Өткен аптада Түркістан облысы Бәйдібек ауданы “Жастар ресурстық орталығының” басшысы, аудандық мәслихат депутаты А. Кенехан орталық мамандарды ертіп, спорт саласының жай-күйімен танысып қайту мақсатында аудан орталығындағы су спорты кешенін, теннис кортын, спорт мектебі ғимараттарын аралады. Бұл туралы Бәйдібек ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ауданда спорттың барлық түрі толық дамыған. Оған себепкер тәжірибелі жаттықтырушылар мен спортқа бейім жастарымыздың арқасы. Сол мақсатта спорт кешенінде үйірмелер жұмыс жасап, спортшыларымыз жаттығады. Оған жағдай да жасалған.
“Жалпы спорттың бұқаралығын арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру әр азамат спортпен шұғылдану тиіс”,- деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасын аудан спортшылары негізге алып, жұмыс жасап келеді. Сол жұмыстар аудандық “Жастар ресурстық орталығын” қызықтырып отыр. Бүгінгі іс-сапар соның дәлелі.
Жастар басшысына спорт саласы мамандарынан біраз ұсыныстар түсті.
Келешекте ауқымды спорт кешенінің жанынан спортшыларға арналған жатақхана мен тамақтанатын орын салу қажеттілігі айтылды. Сонымен қатар, алдағы уақытта аудандық спорт мекемелері мен “Жастар ресурстық орталығы” тығыз байланыста жұмыс атқарып, қолдау туралы келісті.