Мемлекет басшысы өз жолдауында ауыл шаруашылығы саласына дамытуға басымдық берген болатын. Бүгінде бұл бағытта аймақта үлкен жұмыстар жүзеге асып жатыр.
Түлкібас ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жаңбырлатып суғару әдісі бойынша өткізілген семинардың жалғасы тәжірибе ретінде егістік алқабында жалғасты.
Тәжірибе Тастұмсық ауылдық округіне қарасты Байысбаев Хамит есімді шаруаның жоңышқа дақылы егілген егістік басында ұйымдастырылды. Семинарға «BNK Group Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Тараз қаласынан арнайы шақыртумен келіп, аудан шаруаларына жаңбырлатып суғаруға арналған техникаларымен таныстырып, оларды қалай пайдалану қажеттігін көрсетті.
Айта кету керек, аталған техниканың тиімділігі суды ысырап қылмай бір тәулік ішінде 3,0 га жерді суғаруға қауқары жетеді. Атап айтсақ, сағатына 30 тонна суды егіс алқабына шаша алады. Техниканың бір данасы 9 миллион теңге тұрады. Шаруалар үшін оның тиімділігі, 50% мемлекет субсидия жасайды, қалған 4,5 миллион теңгесінің 2,5 миллион теңгесін төлеп, 2,0 миллион теңгесін лизингке алуға болады. Кепілге техниканың өзі қойылады. Лизингтің жылдық пайызы 9%. Еккен жоңышқаны осы техникамен жаңбырлатып суғару арқылы 3-4 орып алуға болады.
Семинарға қатысушылар бұл бастаманы қолдап, аудан шаруаларын осы техниканы алуға шақырды.