Түлкібас ауданында жаңа мектептердің құрылысы басталды. Сәтін салса, қос білім ұясы шәкірттерге есігін келесі жылы айқара ашпақ. Қазіргі уақытта мектеп ғимараттарының құрылысы қызу жүріп жатыр. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мектеп жетіспеушілігі көп жылдардан бері аудан орталығы Т.Рысқұлов елді мекені мен Машат ауылдық округі тұрғындары тарапынан жиі көтеріліп жүрген. Аудан орталығынан жаңа мектептің қажеттілігі және Еңбекші ауылындағы тозығы жеткен мектептің орнына жаңа білім мекемесін салу тұрғындар тарапынан көп айтылған. Бұл мәселені аудан әкімі Нұрлан Байғұт кезек күттірмейтін мәселелер қатарына қосып, оны шұғыл шешу шаралартын қолға алған. Биыл міне облыс әкімдігінің қолдауымен құрылыс жұмыстары бастау алды.
Қос білім ордасының құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында басталған. Келесі жылға өтпелі. Типтік ғимараттар заманауи үлгіде соғылып, ішінде оқушылардың сапалы білім алып, спортпен де шұғылдануына қажетті нысандар орын теппек. Аумағы да мердігер мекеме тарапынан толық абаттандырылады.
Қос ғимараттың құрылысын конкурстан жеңімпаз атанған «Агроспецмонтаж» ЖШС-гі жүргізуде. Тапсырыс беруші Түркістан облысы әкімдігінің Құрылыс басқармасы.