Түлкібас аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Түлкібас ата» орталық мешітінде кездесу өткізілді. Кездесуге Түлкібас аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Б.Тұрлыбеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Р.Алтынбеков, ауданның бас имамы М.Серікұлы және ауыл имамдары қатысты. Жиын барысында бас дәрігер Б.Тұрлыбеков COVID-19 індетіне қарсы екпе егудің маңыздылығы туралы жергілікті имамдарға түсіндірді. Сонымен қатар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Р.Алтынбеков діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жергілікті имамдарды бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Айта кетейік, егу науқаны басталғалы бері Түркістан облысында 310 448 адам вакцина салдыруға ниет білдірген. Екінші компонентпен 136 286 адам қабылдаған. Бүгінде өңір тұрғындары Спутник-V, QazVac мен Hayat-Vax вакциналарын қабылдай алады. Қазір облыс аумағында 128 екпе қабылдау пункттері жұмыс істейді. Сондай-ақ, бүгінге дейін 765 978 ПТР сынамасы алынған. Ал, соңғы тәулікте зертханаларда 2503 адам тексерілді.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцина салу тек адамның келісімімен ғана жүзеге асады. Вакцинадан бас тартқандар әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екпе егердің алдында сіз арнайы параққа қол қою арқылы вакцинадан бас тартып немесе салдыруға келісім бересіз.