Шымкентте «ИЧ-167/2» түзеу мекемесінде 139 жазасын өтеуші "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында диплом алды. Оларға 6 сала бойынша білім алуға мүмкіндіктер берілген. Енді темір тордағылар бостандыққа шыққаннан кейін, білімін растайтын құжат арқылы жұмысқа орналаса алады.
«ИЧ-167/2» түзеу мекемесінде кісі өлтіргені үшін 14 жылға сотталған азамат 4 мамандық бойынша білім алған. Ол қазіргі уақытта тігінмен айналысады. Бостандыққа шыққаннан кейін ата-анасына масыл болмай, тігін саласында жұмыс істеуге дайынмын дейді.
«Тігін бұл менің төртінші мамандығым. Оған дейін ағаш ұстасы, жиһаз жинаушы және электрик бойынша білім алдым. Маған тігін шеберханасында жұмыс істеген ұнайды. Міне, бүгін алған дипломым қолымда. Десек те, бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналасу қиын деп жатады. Бірақ мен еш мойымаймын, білім алудан қашпаймын», дейді жазасын өтеуші.
«ИЧ-167/2» түзеу мекемесінде 700 жазасын өтеуші болса, бүгін соның 139-ы техникалық мамандық иесі атанып, арнаулы білімін дәлелдейтін құжатқа ие болды. Абақтының арғы жағында оқу оқып, кәсіби сауатын арттырған олар бостандыққа шыққан соң тұрақты жұмысқа орналаса алады.
«Биылғы 2020-2021 жылғы оқу жылында 139 сотталушыға білім беріп, оларға диплом табысталды. 19 жас пен 49 жасқа дейінгі. Өйткені бұл жерде кәсіптік білім алады. Сол бойынша разрядтар беріледі. Бұл мекемеде сотталған азаматтарға ерікті түрде. Ал жалпы орта білім алу міндетті. Ал кәсіптік білім алу ол ерікті түрде»,- дейді «ИЧ-167/2» түзеу мекемесінің басшысы Мырзағали Есқұлов.
Түркістан индустриалды құрылыс колледжін тәмамдағаны туралы құжат ИЧ 167/2 түзету мекемесіндегі 139 жазасын өтеушіге берілді. Олар мұнда тігінші, жиһаз жинаушы, құрылыс шебері сияқты өздері осында таңдап түскен 6 техникалық мамандықты тәмамдап шықты.
Айта кетейік, сотталғандар осы арнаулы орта білімді 10 ай бойы меңгерген. Сондай -ақ, олар қарапайым студенттер секілді мемлекеттік емтихан тапсырған және білімін дәлелдеу үшін өндірістік тәжірибеден өтеді.