Шымкентте жастарға берілген баспаналардың сапасы басты назарда. «Нұр Отан» партиясының жас депутаттарынан құралған жастар қоғамдық кеңесі сатып алу құқығынсыз берілген баспаналардың сапасын тексеріп, тұрғындардың шағымын тыңдады. .
Биыл Шымкентте жастарға сатып алу құқығынсыз бір бөлмелі 195, екі бөлмелі 105 пәтер табысталған еді. Соның ішінде «Тұран» шағынауданында орналасқан тұрғын үйдің құрылыс сапасы сын көтермейді екен.
«Тұрғын үйде орын алған кемшіліктерді мердігер мекеме 5 жылдық кепілдік мерзім ішінде қалыпқа келтіріп береді. Үйде жарық пайда болғаны… Иә бұл қаңылтыр. Бірақ үйдің өзінің конструкциясы монолит. Яғни, бұл ешқандай қорқынышты емес»,- дейді Шымкент қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Үсенұлы.
Жыл басынан бері шаһарда жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 300 пәтер берілген болса, оның 145-і дәл осы «Тұран» шағынауданында орналасқан. Құрылысқа жауаптылар анықталған кемшіліктер алдағы 10 күнде түзеледі деп сендірді. Ал, жастар қоғамдық кеңес мүшелері берілетін тұрғын үйлердің сапасына басты назарға алып, мониторинг жүргізуді жалғастырамыз дейді.
Айта кетейік, биыл Шымкентте «Жастар» бағдарламасы аясында 900 жасқа сатып алу құқығынсыз пәтер беру жоспарланған. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасында айтылған. Оның 300-і тапсырылған.
Олар «Асар 2», «Тұран» және «Жаңа Тұрлан» шағынаудандарында орналасқан. Мәслихат депутаттары қалған 600 пәтердің жыл соңына дейін белгіленген уақытында берілуін қадағалалаймыз деп отыр.