Қазығұртта спорт кешені ашылды

Қысқаша

Бапкер Ережеп Журкаев спорт залын өз қаржысына салған. Ішін барлық керекті жаттығу құралдарымен қамтыған. Қазіргі уақытта бес адамды жұмыспен қамтып отыр. Болашақта үйірме санын да көбейту жоспарда бар дейді.

Screenshot_13.png

Шымкентте жас кәсіпкер әрі бокс бапкері өз қаржысына тұрмысы төмен отбасынан шыққан балалар үшін спорт кешенін ашты. Онда бокс, кикбоксинг, дзюдо, таэквандо және ережесіз жекпе-жек спорт үйірмелері бар.

«Қазығұрт» мөлтек ауданынан ашылған жаттығу залында әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және жартылай жетім отбасыдан шыққан балалар тегін спортпен айналыса алады. Кешен иесі залды бүкіл керекті құрал-саймандармен қамтыған. Бапкер енді шалғай аудан спортшылары алыс орналасқан спорт залдарына барып сандалмайтынын айтады.Барлығын өз қаржысына салған бокс бапкері жергілікті әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды тегін жаттықтыруға дайын. 

 «Мұнда спорттың 5 түрімен айналысуға болады. Олар бокс, кикбокс, дзюдо, таэквондо және ережесіз жекпе жек. Осы жерден табыс табу мәселесімен ашылғанымен, мына қайырымды істер марафонын қолдай отырып Ережеп бауырымыздан ұсыныс түсті. Қазығұрт ауданындағы аз қамтылған, көпбалалы отбасы балалары осы жерде тегін жаттығу жасаса болады, қолымнан келген, елге жасаған қызметім болсын деген ұсыныспен бірлесіп осы спорт зал ашылды»,- дейді Жастар ресурстық орталығының басшысы Ерлан Айтбаев.

Бапкер Ережеп Журкаев спорт залын өз қаржысына салған. Ішін барлық керекті жаттығу құралдарымен қамтыған. Қазіргі уақытта бес адамды жұмыспен қамтып отыр. Болашақта үйірме санын да көбейту жоспарда бар дейді.

 «Қазығұрт шағынауданында өсіп келе жатқан жастарымызды спортқа баулу басты мақсатымыз. Ынтасын ашу, жастардан чемпион шығару. Басты мақсат бізде осы. Қазір 5 үйірме бар. Қандай спортқа бергісі келеді ата-ана соған жаздырып, уақытында баласын жіберіп отырса болды. Ал баланы дайындау – ол біздің мәселе»,- дейді Ережеп Журкаев.

Сырымбек Белесбек осы залда жаттығу жасап жүр. Кикбоксингпен айналысқанына 10 жыл болыпты. Жасы небәрі 16-ға келсе де жетістіктері аз емес. Кикбоксингтан Қазақстанның 2 дүркін чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы.

 «Өзіміздің мөлтек ауданда ашылғаны дұрыс болды. Әйтпесе басқа жаққа сандалып, біраз уақыт алатын. Жолақысы бар. Осында ашылғаны жақсы болды ғой. Тамыз айында  әлем кубогы бар Венгрия, Будапештте соған дайындық жасап жатырмыз. Арманым олимпиада чемпионы болу»,- дейді жас спортшы Сырымбек Белесбек.

Спорттық кешен иесі мен жастар ресурстық орталығы өзара келісімге келіп отыр екен. Орталық жас кәсіпкерге құжаттарды заңдастыруға жәрдемдеспек. Сонымен қатар, үйірмелерге тегін қатысатын балаларды арнайы форма және жаттығу құралдарымен қамтитындарын айтты.


    A+
Уақыты: 2021-07-01  Айдарша: Өңір
TAG: