Қазақ халқы үшін қашан да рухани құндылықтар жоғары тұрған. Оның ішінде, әсіресе өшпес асыл қазына саналатын ұлттық ойындардың алар орны ерек. Қайсар да, батыл келетін нағыз қазақ жігіттерінің намысын қамшылайтын да осы ұлттық спорт ойындары болып қалмақ.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып отырған көне халықтың дәстүрлерін, жас ұрпаққа халқымыздың ұлттық ойындарын бойларына сіңіртіп тәрбиелеу мақсатында «Shymqala» этноауылында «Жеті қазына» атты балаларға ұлттық ойындар ойнатылды. Балалар төрт топқа бөлініп, Тәуелсіздік саябағындағы көмбеге жасырылған жеті қазынаны іздеп тапты. Ал, этноауылда балалар «асық», «теппе», «асау мәстек» ұлттық ойындарын ойнаса, «садақ ату», «ат ерттеуден» жарыс ұйымдастырды. Тоғызқұмалақтан есеп айырысып, қыздарымыз көрпе құраудан сайысқа түсті.
Мерекелік кеш соңында балаларға сыйлық үлестірілді. Бұл күн балаларға үлкен қуаныш сыйлап қана қоймай, ұлттық құндылықтарымызға деген құрметі артып, салт-дәстүрге деген таным көкжиегін кеңейткен сәтке толы болды.
«Асық ойынының» маңызы орасан. Бұл бұрын балалардың ең қызықты хоббиі болса, бүгінгі күні төрт қабырғаға қамалып, компьютердің «құлағында ойнайтын» жас жеткіншектерді «асық ойна» деп орнынан тұрғызудың өзі қиын. Бұл ойын баланың жүйке жүйесінің дұрыс қалыптасуына, ой-өрісінің кеңеюіне айтарлықтай ықпал етеді. Асықты айтпағанда, бұрын ата-бабаларымыз қойдың құмалағынан да ойынның сан түрін ойлап тапқан. «Тоғызқұмалақ» ойыны осыдан қалса керек. Археолог-ғалымдардың пайымдауынша, оның пайда болу мерзімі төрт мың жыл шамасын қамтиды екен. Жас ұрпақтың дене шынықтыру тәрбиесімен қатар, ақыл-ойының дамуына да ерекше мән берген бабаларымыз тоғызқұмалақты ойлап тауып, оны зияткерлікті дамыту құралы ретінде қолданған»,- дейді ұйымдастырушылар.
Алдағы уақытта мұндай шараларды орталық қызметкерлері дәстүрлі түрде өткізіп тұрмақ.