Жолайрықта жерасты өткелі салынады

Қысқаша

Бұл ретте Қонаев даңғылында өткел арқылы көліктердің қозғалысын ашу 1 қыркүйекке дейін, ал Рысқұлов көшесін көпірдің құрылысымен бірге көліктердің қозғалысы үшін ашу 1 қарашаға дейін деп жоспарланған.

Screenshot_7.png

Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов БАҚ өкілдерінің қатысуымен құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандарды аралады. Алдымен Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысына барды. 

– Жолайрықтың құрылысы бүгінде қарқынды жүріп жатыр. Қосымша өзгерістерге байланысты тұрғындарға тиімді болуы үшін аталған жолайрықта жерасты өткелінің құрылысы жоспарланған. Құрылыстың жобалау-сметалық құжаттамасы оң сараптамадан өтіп, оған қаржы бөлінді. Ол өткел жолайрық құрылысымен қатар жүргізілетін болады. Жалпы жоспар бойынша жолайрық жыл соңына дейін пайдалануға берілмек, - деді қала әкімінің орынбасары.

Қазіргі таңда 1,92 шақырым су және 1,82 шақырым газ құбырларының, 1,2 шақырым электр және 0,6 шақырым байланыс сымдарының орны ауыстырылып, жерасты өткелінің жұмыстары, қада құю және Рысқұлов көшесінің Қонаев даңғылынан Байтұрсынов көшесіне дейінгі аралықта жол бөлігінің жұмыстары жүргізілуде.

– Жолайрықтың құрылысы былтыр қазан айында басталғаны белгілі. Бірінші кезеңдегі жұмыстар аяқталып, қазір екінші кезең жалғасуда. Өткен айда барлық инжинерлік-коммуникациялық желілер көшірілді. Қазір Д.Қонаев пен Бәйдібек би даңғылдарында тоннель қазылып, бетоннан тіреуіш қабырғалар құйылуда. Жақында Т.Рысқұлов көшесінің де бір қапталы уақтылы жабылып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жолайрықты «Базис-А» корпорациясы салып жатыр. Бұл компанияның осындай күрделі нысандардың құрылысын жүргізу бойынша мол тәжірибесі бар. Жолайрықтың қаланың орталығында орналасқанын ескере отырып, тұрғындарға қолайсыздықты барынша азайту үшін жұмыстар күндіз-түні жүріп жатыр, - деді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов. 

Бұл ретте Қонаев даңғылында өткел арқылы көліктердің қозғалысын ашу 1 қыркүйекке дейін, ал Рысқұлов көшесін көпірдің құрылысымен бірге көліктердің қозғалысы үшін ашу 1 қарашаға дейін деп жоспарланған.

Айта кетейік, бүгінде қалада жүргізіліп жатқан барлық жұмыстар Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының бақылауында. Бұл - жол сапасына тәуелсіз сараптама жүргізетін бірегей құрылым.


    A+
Уақыты: 2021-06-16  Айдарша: Өңір
TAG: