Қыдырып барған елден естелік ретінде кәдесый әкелу туристерге тән. Бұл жәй ғана кішігірім сауда-саттық болып көрінуі мүмкін. Алайда кәдесый – туризмді дамытудың бірден бір тетігі.
Қашанда қонақтары үзілмейтін Шымқала соңғы жылдары туризм саласын мықтап қолға алған. Жақында Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасына қарасты «Shymkent Tourism Center» ақпараттық орталығы жыл басында «30 туристке – 30 сыйлық» акциясын қолға алған болатын. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай бастау алған осы іс-шара аясында қаламызға келген қонақтарға ұлттық кәдесыйлар тартылып жатыр.
Шымкент теміржол вокзалы мен әуежайына келіп түскен қонақтарға мегаполистің туристік логотипіне айналған қызғалдақтар мен түрлі пішіндегі магниткалар сыйға берілуде.
– Қызғалдақтың отаны – біздің өңіріміз. Сондықтан осы гүлді брендімізге айналдырып, әлем қызғалдақ арқылы Шымқаланы танып-білсе деген мақсатымыз бар. Сондай-ақ, бүкіл әлемнің туристеріне тән дәстүр – өздері саяхаттаған елдімекен бейнесіндегі кәдесыйларды жинау. Еліне қайтқан қонақтар Шымкентке қайта оралатындай әсер қалдыру мақсатында «30 туристке – 30 сыйлық» акциясын қолға алдық. Алдағы уақытта акцияға ұлттық болмысымызды айшықтайтын жергілікті кәсіпорындардың өнімдерін ұсынуды жоспарлап отырмыз, – дейді «Shymkent Tourism Center» ақпараттық орталығының басшысы А.Раманов.
«Shymkent Tourism Center» ақпараттық орталығы Шымкенттің оң имиджін тек ел ішінде ғана емес, шетелге танытуға серпін беретін мұндай бастамаларды тұрақты ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Себебі, әр турист біз үшін маңызды.