18 мамыр – халықаралық музей күніне орай Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде «Тарихтан тағылым-өткенге тағзым» атты тарихи-танымдық музей түні мерекелік шарасы өтті. Қасиетті өлкедегі мол рухани құндылықтарымызды ұлықтап, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында көтерілген мәселелерді жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов пен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің директоры Жангелді Махашов барша отырарлықтар мен музей қызметкерлерін айтулы күнмен құттықтады.
Аудан әкімінің орынбасары өзінің құттықтау сөзінде: «Отырар - өзінің көне тартпас тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалымдарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған, ұлттың рухани алтын қазығы. «Ұлы Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі» деп Елбасымыз бекерге айпаса керек. Әлемдік тарихта өз орны бар Отырардың мәртебесін көтеру жолында еңбек етіп жатқан Сіздердің ұжымдарыңызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!»,-дей келе бірқатар музей қызметкерлеріне алғыс хат пен сый-сияпаттарды табыстады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету баршамыздың перзенттік борышымыз»,-деп атап өткен болатын. Азаттық жолында құрбан болған бабаларымызды еске алуға арналған шарада бабалар рухына тағзым ету және өнегелі іс арқылы өскелең ұрпақтың санасына отансүйгіштік, елжандылық секілді қасиеттерді сіңіру мақсатындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған драмалық қойылым көпшілікті айрықша тебірентті.
Көрермендер үшін ашықтық және қол жетімділік, өнерді дәріптеу және танымал ету, жастардың назарын аудару, ұмытылмас мереке ұйымдастыру мақсатында өткізілген шарада ХХ ғасырдың басындағы ауыл тіршілігінен көрініс қойылып, «Ай астындағы алтыбақан», «Көнеден жеткен атамұра» құмыра жасау шеберлік сабағы секілді әсерлі шаралармен жалғасын тапты.
Ғасырлар тереңінен сыр тартқан өлке тарихымен жете танысуға шақырған «Музей түні» мәдени шарасы Отырар музейіне түнгі экскурсияға ұласты.