Түркістан облысы Шардара ауданындағы «Жаушықұм алқабында су тарқыш пен сорғы станциясын реконструкциялау» жобасының құрылысын бастауға республикалық бюджеттен қаржы бөлу қажет. Нәтижесінде 12,2 мың. га суармалы жер жаңадан қосылып, жылына орта есеппен 14 млрд. тг ауыл шаруашылығы өнімдерін алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелерінің Түркістан облысына жасаған сапарында айтылды.
«Облыстың оңтүстік өңірлерінің (Мақтарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт) суармалы жерлерінің 90 % Өзбекстан Республикасына тиеселі «Достық», «Зах», «Ханым» және «Үлкен Келес» магистралдық каналдарына тәуелді. Сондықтан, жыл сайын вегетациялық кезеңде АШТӨ-не ағын су уақытылы жеткізілмей, наразылықтар туындайды. Бұл мәселе биылғы жылы да қайталануда. Атап айтқанда, «Достық» магистралдық каналына мамыр айының бірінші онкүндігіне жоспар бойынша 425,7 млн. м3 су босатылуы қажет болса, 326,6 млн. м3 су босатылды, яғни қажеттіліктен 23 % кем. Ал, «Зах», «Ханым» және «Үлкен Келес» магистралдық каналдарына 24,2 млн. м3 су босатылуы қажет болса, 10,1 млн. м3 су босатылды, яғни қажеттіліктен 58 % кем. Осыған орай, екі ел арасында бекітілген лимитке сәйкес, ағын суды босатуды Үкімет деңгейінде шешу мәселесін пысықтау қажет»,-деді облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев.
Маңызды мәселе - су мамандарының тапшылығы. Ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Бөген арнасы» мемлекеттік мекемесінде, инженер-гидротехниктер, инженер-гидрометрлер, техниктер, су реттеушілер, су бақылаушылардың еңбекақысы төмен. Мәселені шешу үшін тиісті қаулыларға өзгерістер енгізуді қажет етеді.
Айта кетері, былтыр халыққа арнаған Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
-- Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет,-деген болатын.