Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған былтырғы Жолдауында суландыру жүйесіне замаунаи технологияларды енгізу, осыған қатысты заңнамаларды жетілдіруді тапсырғаны белгілі. Осыған байланысты Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері Түркістан облысына келді.
«Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» бойынша ірі су нысандарын іске асыру нәтижесінде, Түркістан өңіріне 200 млн.м3 ағын су қосымша жеткізіледі. Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу жобасы аясында 60 млн.м3 су үнемделеді және қала аумағындағы 8 шақырым канал бойы абаттандырылады. «Кеңсай - Қосқорған - 2» су қоймасы жобасы бойынша 34 млн.м3 ағын су жеткізіледі. Қазіргі таңда үлкен дамбы биіктігі 26 метрге дейін көтеріліп, 40 % бетонмен қапталды. Нәтижесінде, биылдың өзінде көктемгі тасқын сулар ысырабына жол берілмей 5 млн.м3 су жинауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша бөгет 34 шақырымға созылып, биылдың өзінде 250 млн.м3 су жинақталды. Бұл жоба алдағы уақытта Түркістан өңірінің экологиялық жағдайын жақсартуға оңды ықпалын тигізеді. Бүгінгі күннің өзінде көл аумағының фаунасы өзгеріп, табиғи құстар шоғыры пайда болғанын байқауға болады. Бұдан бөлек, су нысандарын қалпына келтіруге жыл сайын облыстық бюджеттің мүмкіндігіне қарай қаржы бөлінуде»,-деді сенаторлардың алдында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев.
Соңғы 2 жылда 243 шақырымды құрайтын 61 каналға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 42 дана тік ұңғымалар қалпына келтірілді. Нәтижесінде 44,3 мың га суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарды. 53 млн. м3 су үнемделді. Ағымдағы жылы 361 шақырым су нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде, облыс әкімінің қолдауымен Жетісай ауданына басымдылық беріліп, коммуналдық меншіктегі барлық 241 шақырымды құрайтын 121 дана қашыртқыларға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, Су ресурстары комитеті тарапынан, жүзеге асырылып жатқан жобалардың ішінен, «Шәуілдір үстеме каналын реконструкциялаудың 2-кезеңі» жобасы және «Ішкі коллекторлық дренаж жүйелерін реконструкциялау» жобаларының Отырар ауданы үшін маңыздылығы басым. Жоба аясында 30,4 шақырым канал бетонмен қапталып, 417 шақырым коллектор дренаж жүйелері механикалық тазалаудан өткізіледі. Нәтижесінде «Д.Алтынбеков», «Көкмардан» каналдары бойындағы 12 мың га жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарып, жаңадан 7 мың га суармалы жерлер айналымға қосылады.
Облыс әкімінің орынбасары шешуді қажет ететін өзекті мәселелерді ортаға салды.