Парламенті Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, оны тиімді пайдалану мәселелері бойынша көшпелі отырысы Түркістан қаласында өтті. Аграрлық саланың дамуына терең мән беретін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда берген тапсырмасына сәйкес суармалы жерлерді 3 млн. гектарға дейін ұлғайту көзделген.
«Осы бағыттағы Түркістан облысының жасап жатқан жұмыстарының бәрін үлгі ретінде алуға болады. Сөз жоқ, суармалы жерлер кепілді мол өнім беретін, қайтарымы жоғары, ауыл шаруашылығының «алтын қоры» ғана емес, ол – сол өңірлерде тұратын халықтың тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, тағдыры деп айтсақ та болады. Еліміздегі суармалы егіншілік аумағы жалпы игерілген жерлердің 8 пайызынан аспайды, ал одан алынған өнім жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 35 пайызын құрайды. Сондықтан да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес суармалы жерлерді кезең-кезеңімен 3 млн. гектарға дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету мақсатында 2030 жылға дейін гидромелиорациялық жүйелер мен 38 жаңа су қоймаларын салу бойынша іс-шаралар әзірленіп жатқан Су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылмақ»,- деді көшпелі отырысты ашқан Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев.
Комитет төрағасы елдегі ирригациялық инфрақұрылымның жай-күйі сын көтермейтінін де атап өтті. Республикалық меншіктегі жалпы ұзындығы 19 772 шақырымдық 3298 каналдың 11881 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Шаруашылықаралық және шаруашылықішілік каналдардың 80-90% ескірген, техникалық деңгейі төмен. Осыған байланысты ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру үшін ауқымды жұмыстар атқарылмақ.