Шымкент қаласы аумағында қазіргі таңда 42-ге жуық қайта өңдеу кәсіпорындары бар. Олар бүгінгі күні қаланың өндіріс әлеуетін арттыруда. Солардың бірі Қаратау ауданы Мәртөбе тұрғын алабында орналасқан «ЭМ-НҰР» ЖШС -нің сүт өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорны.
2001 жылы өз жұмысын бастаған кәсіпорынға мемлекет тарапынан «Өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете өңдеп өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау» бағдарламасы аясында қолдау көрсетілген. Қазіргі уақытта өнім түрін көбейтіп, қала халқын сапалы сүт өнімдерімен қамтып отыр.
Айта кетерлігі Түркияның заманауи озық технологияларымен жабдықталған кәсіпорын қазіргі таңда жылына 6600 тонна сүтті қайта өңдеп, сәйкесінше 550 тонна ірімшік өнімдерін шығаруда. Сонымен бірге 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
«ЭМ-НҰР-дың» «Кашар-Пейнир», «Качотта», «Lengerskii», «Lengerskii пицца үшін» сияқты ірімшік өнімдерін Шымкенттен бөлек еліміздің басқа да өңірлерінде де сұранысқа ие. Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасына да жіберілуде.
Сұраныстың артуына байланысты кәсіпорын алдағы уақытта аумағын кеңейтуді және өндірілетін өнім көлемін көбейтуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бүгінде қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы өнімін тереңдете қайта өңдеп өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау бюджеттік бағдарламасы іске асырылып жатқаны белгілі. Бюджеттік бағдарламаның мақсаты – сүт өңдеу кәсіпорындарының терең өңдеуге шикізат сатып алу шығындарын өтеу. Бөлінген қаржы қайта өңдеу кәсіпорындарының сары май және ірімшік шығару үшін терең өңдеуге шикізат сатып алу шығындарының 20 – 25 пайызын қайтарып, өндірілген өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді.