Миллионды қалада баспанаға мұқтаж жандар көп. Себебі Шымқаланың демографиялық жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. Тұрғындар санының өсуімен баспана мәселесі де өсіп келе жатқаны анық. Мегаполистегі тұрғын үй проблемасын шешу үшін ауқымды жоспарлар жасалған. Айталық шаһарда 5 жыл ішінде шамамен 3 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 47 мың пәтер салынбақ.
Шымкент қалалық Тұрғын үй басқармасы қазіргі таңда үш басты бағыт бойынша жұмыс жасауда. Атап айтқанда, кезек ретімен тұрғын үймен қамту; жеңілдетілген несиелер арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету; тұрғын үй қорын жаңғырту.
Қаланың 2021-2025 жылдарға арналған «Даму» бағдарламасы негізінде 5 жыл ішінде шамамен 3 млн. шаршы метр тұрғын үй немесе 47 мың пәтер салу жоспарланған. Тарқатып айтар болсақ өткен жылы 649,1 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Ал ағымдағы жылы 661,0 мың шаршы метр пәтер тұрғызылуы тиіс болса, 2022 жылы – 602,8 мың шаршы метр, 2023 жылы – 610,8 мың, 2024 жылы 624,1 мың, 2025 жылы 632,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сонымен бірге, ағымдағы жылдың 30 маусымына дейін басқа өңірлердің тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған кезектілік тізімдеріне жүргізілетін түгендеуді аяқтаған соң, Шымкент қаласы тұрғын үй берудің бірыңғай жүйесіне көшіру жоспарлануда.
Жалпы Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде тіркелгендер саны – 42 269 азаматты құрауда (2020 жылдың басында 40 516 болған). Оның ішінде: жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар-1685; көпбалалы отбасылар- 6 774; халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы- 14 102;мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер -19 681; жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар -27.