Қарияларға қамқорлық танытуда

Қысқаша

Орталық үй күтіміндегі жалғызілікті қарияларға да күндізгі стационарлық әлеуметтік-медициналық қызмет түрін ұйымдастыруды көздеп отыр.

Screenshot_27.jpg

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі  қарт адамдардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Ол аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» бағдарламасы. Құжат ҚР-ның 2030 жылға дейінгі әлеуметтік даму тұжырымдамасын және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде әзірленген еді.  Онда әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі қарттардың өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады.

Шымкент қаласында зейнеткерлерге арналған «Асыл жүрек» әлеуметтік-медициналық орталығы аталмыш бағдарлама бойынша қарияларға қамқорлық танытып келеді. Бүгінде бір топта 15 адамға дейін 2 ауысымда қызмет көрсетуде. Карантин талаптарына сәйкес, күндізгі стационар негізінде жасақталған орталықта 65 жасқа дейінгі зейнеткерлер қамтылған. 

Әлеуметтік-медициналық орталық қарияларға тәуліктің күндізгі уақытында арнаулы әлеуметтік және медициналық қызметтер көрсетеді. Ғимарат медициналық тексеруден өту аймағы, интернет-кафе, емдік-уқалау, кинозал, кітапхана, тренажерлық және спортпен шұғылдану (йога, үстел теннисі, бильярд) сенсорлық кабинет, қол өнермен жұмыс жасау аймақтарымен жабдықталған. Арнайы дәрігер-терапевт зейнеткерлердің қан қысымын өлшеп, денсаулықтарын қадағалайды. Сонымен қатар қаланың демалыс орындарына саяхат ұйымдастырылады. 

Орталық үй күтіміндегі жалғызілікті қарияларға да күндізгі стационарлық әлеуметтік-медициналық қызмет түрін ұйымдастыруды көздеп отыр. Осы мақсатта орталыққа қарасты әлеуметтік және медицина қызметкерлерінің жұмылдырылуымен 8 сағаттық қызмет көрсететін арнайы ғимарат жасақталатын болады.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында 74 мыңнан астам зейнеткер бар. Орталықта қызмет қабылдағылары келген зейнеткерлер қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына өтінім қалдырулары қажет. Әрі қарай кезектік негізде емдеу-сауықтыру іс-шараларымен қамтылады.


    A+
Уақыты: 2021-03-25  Айдарша: Өңір
TAG: