Кітап жансыз бірақ, нағыз дос. Адамның рухани дамуына өлшеусіз үлшес қосатын кітапқа қызығушылық ақпараттық-технология дамыған заманда біршама төмендегені рас. Сондықтан елімізде кітапхана ісін қайта жаңғырту, цифрландыру ісі қолға алынуда. Сондай-ақ балалар мен жасөсіпірдерді кітап оқуға баулу жұмыстары бойынша түрлі жобалар жүзеге асып келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында оқырмандық сауаттылық деңгейін арттыруға баса назар аударып еді. Сондай-ақ, «жаңғыртуды және цифрландыруды қажет ететін кітапханалар бұл істе маңызды рөл атқаруы мүмкін» деп атап өтті. Осы орайда, 2021 жылды Мәдениет және спорт министрлігі ресми түрде «Балалар мен жасөспірімдер оқуын қолдау жылы» деп жариялады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай биыл Шымкент қаласында 10 кітапхана қайта жаңартылмақ. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов Отбасылық кітапхананың ашылуы салтанаты кезінде мәлімдеді. «Қала тұрғындарын, жастарды кітап оқуға шақыру мақсатында кітапханаларға жаңғырту жұмыстарын бастадық. Қазір жастардың көбі бос уақытын интернет пен әлеуметтік желілерде өткізеді. Неге олар кітапханаларға келіп, оқып, білімін молайтпасқа?! Егер жұмыстар нәтижесін көрсетсе әрі қарай жалғасын табады. Биыл қала бойынша 10 кітапхана қайта жаңартылады»,-деді Мұрат Әйтенов.
Осыған орай, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Шымкент қаласының кітапханаларын дамыту және жаңғырту» бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама аясында еліміздің Ұлттық кітапханаларына қолжетімді болатын тұңғыш мемлекеттік цифрлық порталды құру, кітапханалардың Жарғысына өзгерістер енгізіп, Әл-Фараби атындағы ғылыми–әмбебап (Отырар) кітапханасын – әлемнің электронды кітапханалық жүйелеріне қосып, ғылым мен өнердің орталығы болып қайта жаңғырту көзделіп отыр. Сондай-ақ, бағдарлама шеңберінде көпшілік кітапханалардың орталықтандырылған жүйесі саналатын Абай атындағы кітапханаға – заманауи дизайн, жаңа технологиялар мен концептуалды толықтырулар енгізу жоспарлануда.
Одан өзге, аталған бағдарламаға сәйкес ағымдағы жылы дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай "Kitapfest", төрт маусымдық "Bookoмaния fest", "Бізді кітап біріктіреді" акциясы мен баспагерлер жәрмеңкесі, кітаптарды реставрациялау, буккросинг, жасыл экономика секілді шараларды ұйымдастыру қолға алынбақ.