Үшінші мегаполисте мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен бизнес ашып, орта және шағын кәсіпкерліктің дамуына ат салысып отырған кәсіпорындардың қатары артып келеді. Әсіресе медицина бұйымдарын өндіретін кәсіпорындардың ашылуы көңілді қуантады. Себебі денсаулық саласына қажетті құрал-жабдықтардың көпшілігі шетелден экспортталады. Отандық өнімдер некен-саян. Осы олқылықтың орнын толтырып отырған кәсіпорынның бірі Оңтүстік Корея технологиясымен жұмыс істейтін «Marai E7 Group» ЖШС баламасы жоқ өнімдерімен танымал. Зауыт халықаралық стандарттарға сай келетін 17 медициналық бұйым өндіреді. Қазіргі таңда отандық ортопедиялық жабдықтардың бағасы басқа өндірушілерден қарағанда әлдеқайда төмен.
Кәсіпорын жылына 500 000 таңғыш пен 274 000 ортопедиялық заттар шығарады. Өнімнің бұл түрі әртүрлі сынықтарға қолданылады және оның жеңілдігімен, икемділігімен және тез қатаюымен ерекшеленеді.
Өткен жылы эпидемиологиялық ахуал өршіген кезде «Даму» Қоры қолдау көрсетті. Кәсіпкер екінші деңгейлі банктен 14,95% несие рәсімдеп, 8,95% «Даму» қоры субсидиялады.
Бүгінгі таңда «Marai E7 Group» компаниясының өнімдері аллергия тудырмайтын, ылғалданбайтын, ісінбейтін және рентгендік диагностикаға кедергі келтірмейтін сапалы өнімдерімен сұранысқа ие.