120 мың халық қоныстанған Ордабасы ауданында жұқпалы дерттің алдын-алу үшін бірқатар жұмыстың тігісі жатқызылды. Індет азайғанымен босаңсуға әлі ерте деген Ордабасы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Мырзагелдиев күш-жігерді кеселді ауыздықтауға салып жатырмыз дейді. «Эпидемия алғаш Қытайда жайлап, АҚШ, Еуропа елдеріне тарап жатқанда халқымыздың ойында Қазақстанға келмейтін шығар деген күмән мен сенбеушілік болды. Алайда қазір мұндай күмәнді ойларға жол бермеуіміз қажет. Себебі ауру әлі жойылып кеткен. Екінші толқын елімізге қаншалықты ауырпашылық түсіретінін білмеймін, бірақ бізді айналып өтпесі анық. Сондықтан біз осы бастан қамдануға кірістік»,- деген бас дәрігер облыстық денсаулық басқармасының қолдауымен ауданда жаңа 100 орындық госпиталь салынып жатқанын жеткізді.
Аурухана теңгерімінде тұрған бұрынғы босану, хирургия, реанимация бөлімшелері орналасқан ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген аурухана басшылығы оны провизорлық орынға айналдырды. Нысанның кәріз, электр желісі, су құбырлары түгелімен жаңғыртылған. Жақын күндері көгілдір отынның да мәселесі шешілмек. Одан бөлек қатты, жұмсақ инвентарлар да дайын көрінеді. Мұнда 22 бокстық палата болмақ. Індетті болған жандарды емдеуге арналған орталық ішінен 20 төсек - орындық обсервация да дайын тұр.