Әлемді жайлаған тәжвирус жас баладан еңкейген қарияның да алқымынан алып, жас талғаған жоқ. Соның ішінде кеселдің тырнағына жүкті әйелдер де ілігіп жатты. Кеудесінде екі жүрек соғып тұрған мұндай пациенттер ерекше күтім, емдеуді қажет етеді.
Осы жағдайды ескерген Ордабасы аудандық ауруханасы вирус жұқтырған жүкті пациенттерге сапалы ем көрсету үшін барлық жағдайды жасап отыр. Түркістан облыстық қоғамдық денскулық басқармасының ұйытқы болуымен аурухуна жанынан салынған жаңа провизорлық орталық ішінен босандыру кабинетін де жасақталған. Яғни ковид-19 диагнозы расталған жүкті әйелдер өзгелерге жұқтырмас үшін ортақ босану залында емес осында босанатын болады. Бұл аурудың жұқтыру және таралу қаупін азайтпақ.
Одан бөлек ауруханада төрт ота залы бар. Олар: босануға, жедел, жоспарлы оталарға арналған және қабылдау бөлімінде орналасқан ота залы. Қабылдау бөлімінде орналасқан операция залын мамандар алдағы уақытта ковид инфекциясы расталған, жедел отаны қажет ететін науқастар үшін даярлап жатыр. Келген науқастардың дене қызуын өлшейтін фильтр бөлмесі де жөндеуден өткізілген.