Күн салқындаған сайын әсіресе, иммунитеті төмен адамдардың тұмауға шалдығуы жиі кездеседі. Тұмау бір қарағанда жеңіл дерт болып көрінгенімен дер кезінде емделмесе айығуы қиынға соғады. Сондықтан тұмау туралы бірнеше ережелерді есте сақтаған жөн.
Тұмау және ЖРВИ (жіті респираторлық вирустық инфекциялар) – жұғу тәсілі және негізгі белгілері бойынша бір-біріне жақын аурулар, бірақ бұл бір ауру емес.
ЖРВИ – өз белгілері бойынша тыныс алу мүшелерінің зақымдануымен сипатталатын және тұмауды, парагрипп, респираторлық-синцитиальды инфекцияны, риновирустық және аденовирустық инфекцияларды және жоғарғы тыныс алу жолдарының басқа да катаральды қабынуын біріктіретін әлемдегі ең таралған аурулар тобы.
Тұмау – жыл сайын бүкіл әлемде жаппай өршуге және тіпті эпидемияға әкеп соқтыратын ең көп таралған жұқпалы аурулардың бірі. Тұмау әрдайым жіті басталады – науқас симптомдардың басталу уақытын дәл көрсете алады. Бірінші кезекте дене қызуы 38ºС, орташа ауырлықтағы 39-40ºС, ауыр ағымда дене қызуы 40ºС-тан да жоғары болуы мүмкін. Қалтырау, бас ауруы, көз алмасының қозғалысы кезінде, бұлшық еттердің ауыруы, әлсіздік, тәбеттің нашарлауы, тамақтың ауыруы, жөтел, дауыстың қарлығуы, көзден жас ағу байқалады.
Тұмаудың асқынуы вирустық пневмония, бактериялық пневмония, отит, гайморит, фронтит, гломерулонефрит, менингит, энцефалитке апарады. Септикалық жағдайда бактериялар қанға түсіп, онан ары көбеюімен жүреді. Өте ауыр жағдайда өліммен аяқталады.
Тұмаудың алдын алуда бірінші кезекте мұрынның, көздің немесе ауыздың шырышты қабаттарына вирустардың түсуіне жол бермеу маңызды. Бұл үшін ауырған адамдармен қатынасты шектеу қажет. Вирустар қалуы мүмкін заттармен байланысқаннан кейін қолды жуу маңызды. Сондай-ақ лас қолмен мұрынды, көзді, ауызды ұстауға болмайды.
Тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинопрофилактика. Тұмауға қарсы вакциналар жыл сайын алдыңғы маусымда айналатын вирустарға байланысты жаңартылады. Бұдан басқа, жыл сайынғы вакцинация кезінде тиімділік артады. Бұл бұрын егілген адамдарда антиденелердің пайда болуы, яғни вирусқа қарсы қорғаныштық белоктардың тез пайда болуына байланысты.
Жыл сайын облыс бойынша жергілікті бюджет қаражатына вакциналар сатып алынады, қауіп-қатер топтары үшін вакцинация тегін тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда жүргізіледі.
Қауіпті топтарға 6 айдан асқан әлсіреген және жиі ауыратын балалар, созылмалы өкпе, жүрек-қантамыр аурулары, иммундық жетіспеушілігі, зат алмасу аурулары бар балалар мен ересектер, медицина қызметкерлері, жүктіліктің 2-3 триместріндегі жүкті әйелдер, жабық мекемелердің контингенті, 60 жастан асқан адамдар жатады.
Вакцинация қазан айынан бастап негізгі қауіп топтары үшін 15 қарашаға дейін, жүкті әйелдер үшін ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін жүргізіледі.