Салауатты отбасы – сүйіспеншілік пен өзара түсінісу, салауатты психологиялық климат, рухани мәдениет, материалдық молшылық орнаған шаңырақ. Отбасы денсаулығы мәселесі бүгінгі таңда жеткілікті, өзекті. Егер отбасында ата-аналар балаларына салауатты өмір салтын көрсететін болса, онда балада да өзінің денсаулығына позитивті қарау қалыптасады. Ол дегеніміз – балалар мен ата- аналардың бірлескен істері, жеке үлгісі, спортпен айналысу, пайдалы демалыс, салауатты өмір салтының құраушы бөліктері.
Адамға салауатты отбасын құру үшін, оның өзі салауатты отбасында туып-өсуі маңызды. Сонда ғана адам өзінің өмірін ақылмен құра алады. Ата-аналар өз балалары үшін үлгі болуы керек. Бұрын біздің ата-бабаларымыз ұрықталар алдында 3 айға ішімдіктерден бас тартқан, себебі ауру бала туудан қорыққан. Еркектер әйелдікке алыс аудандардың, алыс жерлердің қыздарын алған, сонымен туысқандық қанның араласуынан сақтанған. Сондықтан, салауатты өмір салтын құрудың маңызды шарты отбасының, дененің саулығы. Ол үшін жұбайлар, шаңырақ көтермес бұрын өздерінің шыққан тегін, яғни өзінің генетикалық кодтарын білуі керек. Содан кейін салауатты өмір салтын ұстануы керек, яғни отбасы мүшелері шылым шекпеуі, ішімдік ішпеуі, есірткі қолданбауы керек. Нәресте дүние есігін ашқан күннен бастап түсетін қоршаған орта (психологиялық атмосфера) жағдайлы болуы керек. Мұндай психологиялық атмосфера бала өмірінің барысында мінезін қалыптастыруға әсер етеді.
Отбасы – салауатты өмір салтын құруда үлкен рөл атқаратын алғашқы топ. Өзімізге белгілі, алдымызға ең алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына кіру мақсатын қойып отырған кезеңде отбасының жай-күйі, денсаулығы ең басты назардағы мәселе десек, бүгінде отбасы денсаулығы мемлекет тарапынан тыс қалып отырған жоқ. «Салауатты отбасы – сау ел» ұлттық бағдарламасының мақсаты халықтың өрбіту саулығын (репродуктивтік денсаулық) жақсарту бойынша жұмыстардың тиімділігін арттыру, «Дені сау ана – дені сау бала» принципіне сәйкес дені сау ұрпақты дүниеге әкелу, жастар арасында жаңа отбасын құрудағы жауапкершіліктің рөлін түсіну жөнінде ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады.