Бәйдібек ауданының потенциалы барлық салада пайдаланылуы қажет

Қысқаша

Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданының потенциалы әлі де болса толық пайдаланылмай келеді. Бұл ретте жалпы аумағы 60 гектарды құрайтын «Шаян» индустриалды аймағының тиімділігін арттырып, негізгі өндіріс ошақтарын ...

Бәйдібек ауданының потенциалы барлық салада пайдаланылуы қажет

Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданының потенциалы әлі де болса толық пайдаланылмай келеді. Бұл ретте жалпы аумағы 60 гектарды құрайтын «Шаян» индустриалды аймағының тиімділігін арттырып, негізгі өндіріс ошақтарын осында шоғырландыру қажет. Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлердің құлшынысын арттыратын тың әрі ілкімді жобалардың әзірленуіне мән берген жөн. Бұл туралы Бәйдібек ауданына іс-сапармен барып, атқарылған жұмыстардың барысымен танысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

Өңір басшысы алдымен Боралдай ауылдық окурігіне қарасты Талап елдімекеніндегі «Тау Алма Бақ» ЖШС-нің жұмысымен таныс болды. Аталған кәсіпорын құрылтайшылар есебінен жалпы құны 2 миллион АҚШ долларын құрайтын 43 гектарға қарқынды бау отырғызыпты.  2013 жылы қолға алынған жобаның мақсаты – бау көлемін 83 гектарға жеткізу. 107 гектар жерді толық қоршап, тірлігін дөңгелетіп отырған мекеме алдағы уақытта әр гектардан 50 тоннаға дейін өнім алуды жоспарлап отыр. Серіктестік басшысы Сейтжаппар Әбдусадықұлы облыс әкіміне алмадан бөлек   жаңғақ егу ісін де қолға алып отырғанын жеткізді.

«Борайдай ауыл округінің таулы аумағы алма егуге өте қолайлы. Сондықтан баудың көлемін жыл санап арттырып, жаңғақ егуді де қолға алғаныңызды құптаймын. Алдағы уақытта өзге окургтерден де бау егуді қолаға алсаңыз, аудан әкімдігі тарапынан барлық қолдаулар көрсетілетін болады», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Бәйдібек ауданы мақсарысымен аты шыққан өңір. Бүгінде бұл дақылға шетелден де сұраныс көп. Былтыр ауданда 23 мың гектарға мақсары егілсе, оның көлемі биыл 43 мың гектарға жеткен. Шаруалар бүгінде гектарына 7-8 центнерден өнім алып, облысымыздағы май өндіруші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етіп отыр. Жол бойы орақ науқанын қыздырып жатқан шаруалардың жұмысымен танысқан өңір басшысы алдағы жылдары ауданнан мақсары майын өндіретін кәсіпорын ашуға кеңес берді.

Мұнан соң облыс әкімі Боралдай ауыл округіндегі «Абердин–Ангус» тұқымды ірі қара мал шаруашылығына барып, жеке кәсіпкер Мақсат Назарбаевтың жұмыс жүйесімен таныс болды. 2015 жылы құрылған шаруашылық қорасында бүгінде 154 асыл тұқымды мал басы бар. 3500 гектар жері бар қожалық алдағы уақытта мал басын 2 мыңға жеткізуді жоспарлауда.

Облыс әкімі «Шаян» индустриалды аймағына да атбасын бұрып, ондағы іске асқалы отырған жобалардың барысымен танысты. Жалпы аумағы 60 гектарды құрайтын аймақ бүгінде барлық инфрақұрылымдық қажеттіліктермен қамтылған. Ендігі мәселе —  инвесторлар тартып, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашатын кәсіпорындарды шоғырландыру.

«Индустриалды аймақтың мүмкіндігін тиімді пайдалана алмай отырсыздар. Әлі күнге мұнда кәсіпорын құру жұмыстары қолға алынбай келеді. Осы ретте аудан әкімінің жұмысына сын айтуға болады. Жыл соңына дейін нақты іске асырылатын жобаларды талқылап, алдағы жылы кәсіпорындарды тездетіп ашуды тапсырамын», — деді облыс әкімі.

Мұнан соң өңір басшысы Ақбастау ауылдық округіндегі «Домалақ ана» кесенесі аумағындағы жібек өндіретін қожалықтың жұмысымен танысты. Жібек өндіруді қолға алған кәсіпорын бүгіннің өзінде сол маңға 140 мың түп тұт отырғызыпты. Биыл қожалық Шаян ауылынан «ОN –Бәйдібек» қолөнер орталығын ашып, жібектен кілем тоқу, киізден шұлық басу, қазақы ою-өрнектпен шапан тігу ісін де жандандырып отыр екен.

Бұдан бөлек, ауданда Араб инвесторы Шейх Халифаның құс өсіру орталығы күн санап дамып келеді. 895 гектар жерді алып отырған кәсіпорын 3,5 млрд теңге шетел инвестициясын тартып, дуадақ құсы түрінің басын 4 мыңға жеткізген. Жылына бюджетке 700 млн теңге салық төлейтін инвесторлар жобаның үшінші кезеңін іске асырып, жұмысшылар санын 400-ге арттыруды жоспарлауда. Сондай-ақ шетелдік кәсіпорын аудандағы 5 әлеуметтік нысанның құрылысын өз қаражатына жүргізуге ниет етіп отыр. Аталған кәсіпорынға арнайы барған облыс әкімі мұндағы арқарылған жұмыстарға да оң бағасын берді.


ОҚО әкімінің баспасөз қызметі