6 мыңдай ОҚО тұрғыны медсақтандыру туралы Call-орталықтан сұрап білді
Оңтүстік Қазақстан облысында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы сұрап білгісі келген 5736 тұрғын Call-орталыққа қоңырау шалған. Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Дина Маханбетова мәлімдеді.
«Бұл жыл басынан бергі 7 айдағы көрсеткіш. Облыстағы аудандар мен қалалардағы Call-орталықтарға қоңырау шалған азаматтардың барлық сұрақтарына жауап берілді. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді», — дейді бас маман.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына биылғы жолдауында Қазақстанның әлемдегі озық отыз елдің қатарына тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған бес негізгі басымдығы анықталған. Жолдаудағы төртінші басымдықтың аясында адами капитал сапасын жақсарту денсаулық сақтау жүйесіне жүктелген міндеттердің бірі. Ол – ағымдағы жылдың бірінші шілдесінен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, денсаулық сақтауды ақпараттандыру, бәсекелестікті дамыту үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жеке медициналық ұйымдарға тең жағдай жасау, барлық дәрі-дәрмектердің бағасын тұрақтандыру.