Сайлауалды бағдарламасын жариялау маңызды болса, сол стратегиялық құжаттағы міндеттердің іске асырылуын қадағалау, партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында әзірленген Жол картасының орындалуына партиялық бақылау жүргізу одан да маңызды шаруа.
Бұл ретте Түркістан өңірінде партиялық бақылау аясында бірқатар нәтижелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев Ордабасы ауданына арнайы іс-сапармен барып, партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында әзірленген Жол картасының орындалу барысымен танысты.
Іс-сапар барысында облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев пен облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, басқа да жауапты азаматтар білім беру нысандарын аралап, құрылыс жұмыстарының жай-күйін зерделеді. Әуелі бақылау тобының мүшелері Ақбұлақ ауылында бой көтеріп жатқан «Жайлы мектеп» жобасының құрылысымен танысты. 2023 жылы басталған құрылыс 2025 жылға өтпелі. Қазіргі таңда нысанда ішкі әрлеу, фасад және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ынтымақ ауылында салынып жатқан 200 орындық мектептің құрылысы 2024 жылы басталып, бұл нысан да 2025 жылға өтпелі екен. Қазіргі уақытта ғимараттың қабырғаларын қалау жұмыстары аяқталуға жақын. Бақылау барысында нысанның 80 пайызға жуық дайын екені анықталды.
Шұбарсу ауылындағы 600 орындық мектеп құрылысына 2,7 миллиард теңге бөлінген екен. Нысанның құрылысы биыл желтоқсан айына дейін аяқталуы тиіс. Қазіргі уақытта қосымша корпустың құрылысы жүріп жатыр. Алайда мердігер тарапынан жұмысшылар санының аздығы байқалды. Осыған байланысты комиссия мердігер мекеме өкіліне жұмыс қарқынын арттырып, адам санын көбейтуді және құрылыс сапасын басты назарда ұстауды тапсырды.
Бақылау комиссиясы комиссия мүшелері құрылыс барысында бірқатар кемшіліктерді атап, оларды шұғыл жою, сапаны бақылау және белгіленген мерзімде аяқтауды қатаң тапсырды. Партиялық бақылаудың пәрмені уақыт өткен сайын артып келе жатқаны анық. Бұл мемлекеттік маңызы бар межелерді бағындыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы пәрменді тетіктің біріне айналғаны хақ.
Ғалымжан Елшібай,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты