«Сапалы жол - Түркістан Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында аудандағы мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен салынған жолдарға мониторингтік бақылау жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы Отырар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Автокөлік жолдарының сапасын сараптау мақсатында жүргізілген қоғамдық бақылау жұмыстарына «Түркістан – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Ерұлан Тұңғышбаев, аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев, жол саласына жауапты аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылхан Құдайбергенов, Түркістан облыстық Сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің Отырар ауданындағы арнайы мониторингтік топ мүшесі және «Адалдық елшісі» Ғалымжан Сәрсеков, аудандық «Nur otan» партиясы филиалының консультанты Сейітнасыр Сейілбек жол сапасы зертханасы мамандары және жауапты мердігер компания басшылары қатысты.
Бақылау жұмыстары барысында аудан орталығы Шәуілдір және Отырар ауылында мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан жолдардың сапасы тексерілді. Мониторинг барысында жылжымалы жол зертханасы арқылы жаңадан салынған Отырар ауыл округіндегі «Егемен» және Шәуілдір ауыл округіндегі Е.Әнетбеков, Ә.Көкішов, Б.Жылқышиев, С.Дәрібаев көшелерінен сынама алынды. Тексеру нәтижесінде барлық асфальт төсенділерінің және суағарлардың сметалық құжатта көрсетілген құрылыс талаптарына сай жүргізілгендігі анықталып, бұған дейін тексеру жұмыстары жүргізілген аудандардың ішінде ең жоғары нәтиже көрсетті.