Түркістан облысында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Үкаша ата кесенесі жанынан «Үкаша ата тарихы» музейі ашылды. Бұл туралы Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Тарихи құндылықтар мен шежірелер сыр шерткен музейдің лентасын "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, Түркістан қаласының құрметті азаматы Толқын Құдайбергенұлы, Түркістан каласы Аксақалдар алқасының мүшесі Бектас Шіркбаев қиды.
Музейге құран кітаптар мен Үкаша атаға қатысты аңыз - әңгімелер, суреттер, Үкаша атаның шежірелері, VІІ-ІХ ғасырларға тән құмыралар, VІІ –ХІІІ ғасырларға тән диірмен, XIX-XX ғасырларға жататын мыс құмған сынды жәдігерлер, Үкаша ата кесенесін қалпына келтіріп, айналасын абаттандырған алғашқы шырақшы Кәміл қары мен оның жәрдемшісі Атажанның суреттері, өлкенің тарихынан сыр шертетін археологиялық жәдігерлер мен музей жанашырларының сыйға тартқан көне әшекей бұйымдары, тарихи кітаптар қойылған.
Үкаша ата кесенесі мен құдығы зияратшылар жиі келетін қасиетті мекендердің бірі саналады.