Түркістан қаласы келешекте жасыл желекті, саябақтары мен субұрқақтары көп қалаға айналуда. Былтырдан бері осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. Қаланың айналысында жасыл белдеу аймағы құрылуда. Қалада көгалдандыруға қатысты көптеген іс-шаралар өтуде. Мәселен жуырда қалада кезекті сенбілік өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен қызметкерлері, аудан-қала әкімдіктері мен жергілікті тұрғындар белсене қатысты. Ауқымды шарада облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов секторлардағы жұмыстармен танысып, ағаш отырғызуға атсалысты.
Түркістанды көркейту мен абаттандыру үшін қала 32 секторға бөлінгені белгілі. Бүгін аталған секторлар 25 мың түпкөшет (шаған, сән ағаш, үйеңкі, қараөрік, қарағаш, тұт, каштан, арша, липа) отырғызды.
Секторларға бекітілген аудан-қалалар тарапынан сенбіліктегі көгалдандыру, ағаш отырғызу жұмыстарына 2500-ден астам адам мен 245 техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар аумақтық 23 департамент мамандары қала ішіндегі ұзындығы 8 шақырымды құрайтын Р33, Р-32 каналдарының бойына ағаш егу, тазалау жұмыстарын жүргізді.