Шыбық ексең шынар егетін Төлеби ауданы егін және мал шаруашылығына өте қолайлы аймақ. Сондықтан болар мұнда диқандар жыл сайын бақша өнімдері мен дақылдарды тонналап жинап алады. Күз мезгілі шаруалардың қамбасы астыққа толатын шақ. Осының есебінен шаруалар өңірде жәрмеңке өткізуді дәстүрге айналдырғаны қашан.
Таяуда ауыл шаруашылығы өнімдерінің қол жетімділігін қамтамасыз ету, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында Төлеби ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Ленгір қаласының орталық алаңында ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеде ауданның ауыл шаруаларының өнімдері ұсынылды. Орталық алаңға жиналған тұрғындар сапалы қияр, қызынақ, картоп, сәбіз, пияз, болгар бұрышы, қырыққабат, асқабақ, сарымсақ секілді көкөністер, жеміс-жидектер, бал, айран, сүт, тосап өнімдерін нарықтағыдан арзан бағада алып жатты. Өндірушілер болса бағаны арзан қорйғанға еш өкінбейді, бастысы халық риза дейді.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта жергілікті шаруалардың тауарлары әр аптаның жұмасында сатылымға шығатын болады дейді.