Биыл Түлкібас ауданындағы А. Пушкин атындағы ақпараттық технологиялар мектеп-лицейі күрделі жөндеуден өтіп, бүгінде оқушылар өздерінің заман талабына сай қайта жасақталған білім ұясында оқуды бастаған болатын. Салаға жауаптылардың айтуынша күрделі жөндеу жұмыстары маусым айында басталып тамыз айында аяқталды. Жөндеу жұмыстары барысында ішкі электр желілері толығымен жаңартылып, есіктері ауыстырылды. Мектептің іші – сырты боялып, 1050 кв метрге линолеум төселді, акт залының сахнасы ауыстырылды. Спорт залы толығымен жаңартылды. Және демеушілер есебінен асхана жөндеуден өтіп, 224 дана жалюздер алынды. Мектеп ауласына жаңа асфальт төселіп, аяқ жолдар мен бардерлер ауысты. Жалпы құрылыспен «Спецтех-1 ЖШС» айналысып, мамандар құрлыс жұмыстарының жоғары деңгейде жасалғандығын айтып отыр. Сонымен қатар күрделі жөндеу жұмыстарынан бөлек мектепке жаңадан салынып жатқан қосымша ғимараттың да құрылысы қарқынды жүруде. Әлеуметтік саладағы мұндай бетбұрысқа тұрғындар дән риза. Жаңа ғимаратта білім нәрімен сусындаған шәкірттердің де қуаныштарында шек жоқ. Күрделі жөндеуден өткен бұл мектеп болашақта оқушылардың сапалы білім алуына негіз болатыны сөзсіз.