Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ауылым - алтын бесігім» атты ішкі бағдарламасы талай жанның туған ауылына жағдай жасауға, ауылдастарына көмектесуге жол ашты. Осы орайда Кентау қаласына қарасты Ескі Иқан ауылында жол мәселесі оңынан шешіліп келеді. Бұл игі іске түрткі болып отырған осы аталмыш бағдарлама. Қазіргі таңда мұнда 2 көшеге асфальт төселіп жатыр. Бүгінге дейін жол азабын көріп келген тұрғындар енді тозығы жеткен көшелермен жүрмейтін болды.
«Аяқталу мерзімі 20 тамызға дейін. Бүгінгі таңда асфальт төсеу жұмыстары жалғасуда. 11 250 000 тг -ге жол жөндеу жұмыстарына тендер жарияланып, бүгінгі таңда ЖШС «Әзірет жол» мердігер компаниясы 9 860 000 тг-ге 2 көшені ұтып алған»,- дейді Ескі Иқан ауыл округі әкімінің орынбасары Әбдісаттар Расулов.
Мамандардың айтуынша ауылда жалпы 136 көше бар. Қазіргі таңда 36 көшеге асфальт төселген. Алдағы 2022 жылға дейін ауыл көшелерінің 55 пайызына асфальт төсеу жоспарланған.
Айта кетейік, ауылдағы 136 көшенің 90 пайызы жарықтандырылған. Оның 3 көшесі үкімет тарапынан қаржыландырылса, қалған барлық көшелер демеушілер мен ауыл тұрғындар есебінен қолдау тапқан.