«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бүгінде жергілікті азаматтарға демеу болып отыр. Аталмыш бағдарлама еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби дағдыларды қалыптастыру мақсатында азаматтардың жекелеген санаттары үшін қысқа мерзімді курстар өткізуді көздейді.
Бұл жобаның игілігін ордабасылықтар да көріп отыр. Мамандардың дерегінше Ордабасы ауданында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы биыл төрт мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бүгіннің өзінде техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары. Ал, өз кәсібімді ашамын деушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр.
Мәселен, Ордабасы ауданының тұрғыны Мейрамбек Тұрымбетов 2006 жылы тігін шеберханасын ашқан. 2009 жылы мемлекет тарапынан 3 миллион теңгенің несиесін алып, тігін машиналарын сатып алған. Өткен жылы маман тапшылығы орын алуына байланысты жұмыспен қамту орталығына арнайы сұраныс жіберген. Нәтижесінде, 5 тігінші маманды жұмысқа қабылдаған. Олардың жалақысының 35 пайызын мемлекеттің өзі субсидиялап береді. Бүгінде «Мейрамбек» тігін цехінің тіккен өнімдері сұранысқа ие. Әсіресе, мерекелік және ұлттық көйлектер мен мектеп формасына тапсырып берушілердің қатары қалың. «Алдағы уақытта цехті үлкейтіп, тігін машиналардың санын, сондай-ақ жұмысшылардың да қатарын көбейтсем деген жоспарым бар. Жұмыспен қамту бөлімінде білімін жетілдіріп келген маманның жұмысы тиянақты болады. Сондай мамандарды жұмысқа тартуды ойлап отырмын»,- дейді Мейрамбек Тұрымбетов