Тышқан жылын әкімдер еңбек демалысымен қарсы алды. Былтырғы жылдың қарбаласынан, бітпейтін күйкі тірліктерден шаршаған атқамінерлер жаңа жылды жаңаша көңіл-күймен, жұмыстарына жаңаша күш-қуатпен кіріскенді жөн көрген сияқты. Бергі жақтағы ойымыз осылай дейді. Ал арғы жағынан тереңдер болсаңыз, бұл жолғы демалыстың жөні басқа, жосығы ерекшелеу сияқты көрінеді. Бұл демалыс дауыл алдындағы тыныштыққа, дәлірегі саяси доданың алдындағы демалысқа, алда болатын жауапты науқанға дайындыққа көбірек ұқсайды. «Неге» дейсіз бе?
Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев еңбек демалысынан осы аптаның басында оралған. Қысқа мерзімді демалысқа Шымкенттің әкімі Ерлан Айтаханов та шығып келгенге ұқсайды.
Былтырғы жылды экономиканың барлық саласында, (қайталай айтайық, барлық саласында, сенбесеңіз әкімдіктің ресми сайтын ашып қараңыз) жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, үкіметтің оң бағасын алған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов те шаршауын басып, жаңа жылды жаңаша көңіл-күймен бастағанды құп көрген сияқты. Әулиеата өңірінің әкімі де «отпускіден» осы аптада оралған. Әкімдер ғана емес жылдың басында басшылардың көпшілігі бір-бірімен келісіп алғандай, еңбек демалысына кеткен. Өйткені жоғарыдан сондай нұсқау берілген көрінеді. Білетіндер алдағы ақпанда елорданың төрінде билік партиясының үлкен жиыны өтетінін, осы басқосуда Мәжіліс пен мәслихат сайлауының мәселесі шешілетінін айтып жүр. Яғни, сарапшылар былтыр күзден бері сарнап айтып жүрген сайлаудың төбесі көрініп қалды деген сөз. Ол ары барса мамыр-маусымда өтіп қалуы мүмкін. Осы себепті атқамінерлерге додаға дейін жақсылап демалып алуға рұқсат етілгенге ұқсайды. Өйткені «өткелде ат ауыстырмайды» деген ежелден келе жатқан қағида бойынша саяси доданың уақтысында әкімдер арасында кадрлық ауыс-түйіс жүргізілмейді, ешкім демалысқа шықпайды. Қазір сайлау туралы сан түрлі әңгімелер бар. Бірақ біздің негізгі айтпағымыз бұл емес еді.
Соңғы уақытта Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қызметінен кететіндігі туралы алып-қашты сөздер айтыла бастады. Мұның сол әкімдіктің «ішкі асханасында», биліктің дәлізінде жүргендердің әңгімесі екендігін жасырмаймыз. Жалпы қазір жұртшылықтың саясат, билік туралы таным-түсінігінің «анау кетеді, мынау келеді» деген сәуегейліктің төңірегінен ұзамай тұрғаны рас. Бірақ «жел тұрмаса, шөп басының қимылдамайтынын» да мойындау керек шығар.
Кейбіреулер Шөкеевтің қызметтен кететінін денсаулығымен, енді біреулер Ислам Әбішевтің сотымен байланыстырып жүр. Кейінгі нұсқа мейлінше маңыздырақ. Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген Ислам Әбішевтің былтыр, зейнеткерлікке шығуына бар-жоғы екі ай қалғанда 60 миллион теңге көлемінде пара алуға оқталды деген күдікпен ұсталғаны белгілі. Қазіргі уақытта оның ісі елорданың сотында қаралып жатыр. Мәселенің ақ-қарасын ажыратып, төрелігін айтатын сот. Дегенмен талай лауазымды қызметтерді атқарған И.Әбішевті жұртшылықтың жамандыққа қимайтынын жасыруға болмайтын шығар. Ислам Әбішев төрағалық еткен Су ресурстары комитеті Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайды. Ал Шөкеевтің Түркістанға келгенге дейін аталған минстрліктің тізгінін ұстағаны белгілі. Бірақ мұндай болжамды айтушылар біраз жерден қателеседі. Ислам Әбішев былтыр наурыз айында тұтқындалды. Ал, Шөкеевтің министрліктің тізгінін Сапархан Омаровқа ақпанда тапсырып кеткенін білеміз. Екіорта қисынға келмейді. Оның үстіне Әбішевке қатысты сот отырыстарында біраз лауазымды шенеуніктердің аттары аталды. Олардың арасында қызметінен кетіп қалғандар да бар. Мәселен, Қанат Бозымбаев министрліктің тізгінін көмекшілікке ауыстырды. Ал осы сот барысында Шөкеевтің есімі еш жәрде аталған жоқ. Олай болса, Шөкеевтің «кетуін» Әбішевтің ісімен байланыстыру ақылға сия ма?
Оған қарағанда «Шөкеевтің орнына Дархан Сатыбалды келеді» деген әңгіме аздап құлаққа қонатын сияқты. Дархан Сатыбалды еңбек жолында министрлікте, Президенттің іс басқармасында, Премьер-министрдің кеңсесінде, сот саласында, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде тәжірибе жинаған. Шымкент қаласының әкімі, одан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарды. Кейінірек оның шетелге оқуға кеткені айтылды. Оқуда жүр деген Сатыбалды 2018 жылдың күзінде Шымкентте өткен Сенат сайлауына қатысып, жеңіске жетті. Бірақ ол Парламенттің партасында ұзақ отырған жоқ. Былтыр жазда Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі қызметіне ауысты. Жалпы,бір креслода бір-екі жылдан артық отырмайтын, білетіндер іскерлігі мен ықпалдылығын өте жоғары бағалайтын Сатыбалды бұл жолы болмаса, да күндердің күнінде Түркістан облысының тізгінін ұстап жатса, таңғалуға болмайды. Әбден мүмкін.
Жалпы Шөкеев бір емес бірнеше өңірге әкім болған, жоғарыдағылардың сенімін ақтаған шенеунік. Естеріңізде болса, ол 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысын 11 ай басқарып, Премьер-министрдің орынбасары лауазымына жоғарылап кеткен. Одан әрі бірінші вице-премьердің креслосын иеленген. Шөкеевтің карьерасына енді Премьер-министр болу ғана жетіспей тұрған сияқты. Түркістанда атқарған тірліктеріне былтыр күзде Тұңғыш Президенттің өзі жоғары баға берген Шөкеевтің облыс әкімі қызметінен өсіп кететініне шүбә келтіруге болмайтын сияқты. Дегенмен бұл мәселеде адамның дегені емес Ақорданың дегені болатынын ұмытпау керек.
Айтпақшы, Шымкенттің әкімі Ерлан Айтахановтың да жуырда елордаға министрлікке ауысатындығы жөнінде әңгімелер бар. Кейбіреулер Айтахановтың кадрлық мәселені батылырақ шешпей, кібіртіктей беруін осы «шабадан» көңіл-күйде жүргендігімен байланыстыруда. Жамбылдың тізгінін ұстағанына екі жылдан енді асқан Асқар Мырзахметовті да жылы орнынан қозғап, уақтысында өзі алты жылдан астам уақыт бойы басқарған Оңтүстік өңіріне әкім қылып «әкеліп» жатқандар да бар. Ауыс-түйістің ауылы расында да жақындап қалғаны ма?
Билік саяси доданың тағдырын сеніп тапсыруда қай әкімге көбірек ставка жасайды? «Сенім кредиті» қай әкімге көбірек беріледі? Әбден сыннан өткен Шөкеев пен Мырзахметовке ме әлде өңір әкімдерінің командасына күні кеше ғана кірген Айтахановқа ма?
Не де болса, әліптің артын бағып көрелік.
Рейтинг газеті