Мүмкіндігі шектеулі деп аталғанымен осынау жандар да қоғамымыздың бір мүшесі санатында. Сондықтан ол жандарға барлық тұрғыдан қолдау көрсету аса маңызды. Әсіресе олардың қоғамға бейімделіп кетуіне, көпшілік ортада жүріп-тұруына жағдай жасау керек. Сондай-ақ мүгедек жандардың көбісі еңбекке қабілетсіз болғандықтан оларға материалдық көмек аса қажет.
Осы орайда Сайрам ауданы, Ақсукент ауылдық округі әкімінің м.у.а. Р.Тұрабаев мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қоларбаларды табыс етті. Шара барысында басшылар 10 ересек және 3 балаға қоларба сыйлады.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Ақсукент ауылдық округі бойынша қоларбада жүретін 120 адам болса, 38-і бала жасынан мүгедек. Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен көзі көрмейтіндер мен нашар көретіндерге, құлағы естімейтіндер және нашар еститіндерге арналған арнайы құрылғылар да берілді. Сондай-ақ мүгедек жандардың өмірге деген құлшынысын арттыру мақсатында ауданда түрлі іс-шара, концерт, сайыстар өтіп тұрады.