Түлкібастық тұрғындар енді емхана кезек күтіп, әр кабинетке сабылмайтын болды. Себебі Түлкібас аудандық емханасында жаңа қызмет көрсету орындары ашылды. «Түркістан адалдық алаңы», «Әлеуметтік қызметтер орталығы», «Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы» деп аталатын жаңа орындардың қызыл лентасын аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен мәслихат хатшысы Сәдуақас Сейсенбаев қиды.
Аудандық емхананың бас дәрігері Бақыт Тұрлыбековтың айтуынша енді тұрғындар емханаға келмей-ақ дәрігерге жазылуға болады дейді. «Алдағы уақытта баяғыша кезек күтіп, әр есіктің тұтқасын қағып табандарыңыздан тозбайтын боласыздар. Мына жердегі цифрлы теледидар арқылы тиісті дәрігеріңізге жазылып, ем қабылдау нұсқаулығын аласыздар. Тіпті, бұл жерге келмей-ақ арнайы сайтты қалта телефоныңызға тіркеп алып, үйде отырып-ақ дәрігеріңіз жайлы мәліметті толық оқи отырып, кезекке жазылуға болады. Бұл сіздердің қажеттеріңізге жарасын деп жасаған жаңа әрі тың дүниеміз. Сонымен қатар, сіздер «Адалдық алаңындағы» арнайы психологтармен жолығып, проблемаларыңызды шешесіз. Таза әрі жайлы осындай алаңда отырып, кезек күтіп көңілдеріңізге тыныштық, күш пен жігер жинайтындарыңызға кепілдік мол. Қарапайым халыққа қалтқысыз, адал, таза қызмет көрсететін дәрігерлер мен емхана ұжымына алдағы уақытта сәттіліктер тілей отырып, үлкен сенім білдіремін, - деді ол.
Одан әрі аудан әкімі арнайы нысандармен танысып, жөндеу жұмыстары аяқталған бірқатар орындарды аралады. Цифрлы теледидар-нұсқаушымен жіті танысып, халықты осыған үйрету жұмыстарын жүргізу керектігін тапсырды.