Жастарға тарихымызды таныту, дәріптеу – болашаққа жарқын жолды ашу деген сөз. Осы орайда түркістандық оқушылар өңірдегі тарихи орындарды аралап, құнды деректермен тансыуға үшін жолға шықты. Түркістан облысының құрылғанына бір жыл толуына орай облыстық білім басқармасының және облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған «Облыс тарихы» атты керуен шеруге 6,7 және 8 сыныпта оқитын ата анасының қамқорлығынсыз қалған жетім және жартылай жетім балалар қатысты.
Керуен 5 күнге созылды. Алғашқы күні жасөспірімдер «Әзірет сұлтан» мемлекеттік тарихи мәдени қорық музейінің тыныс тіршілігімен танысты. Одан әрі Кентау қаласына қарай жол тартып, Қаратау бөктеріндегі Үкаша ата кесенесіне зиярат етті. Сонымен қатар Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағында өткізілген түрлі ойын сауық шараларына қатысты. Шығармашылыққа бейім балалар табиғат аясында сурет салды.
Үшінші күні Отырар ауданына қарай бағыт алып, Арыстан баб, Ақсейіт төбе, Артық ата, Қауған ата, Сағындық ата кесенелеріне зиярат етті. Оқушылар рухани астанадағы Қ.Ясауидің, Есім ханның, Гауһар ананың, Рәбия сұлтан бегімнің кесенелеріне саяхаттап, киелі орындарды аралады.
Ертеңіне балалар Сауран қалашығына қарай бет алды. Бұл тарихи мекеннің әлі талай құпияны ішіне бүгіп жатқанына көз жеткізді.
Ал соңғы күндері «Бір мезетте Тұран тұлғасы» атты тақырыпта шығармашылық жобалар сағаты ұйымдастырылды. Онда мектептер жанынан ашылған жазғы сауықтыру лагерлеріндегі балалар өздерінің ойларында жүрген жобаларын көпшілік назарына ұсынды.