Бәйдібектіктер көгілдір отын тапшылығын енді сезінбейтін болды. Себебі аудандағы Жамбыл мен Шалдар елді мекеніне газ берілді. Салтанатты шараға қатысқан аудан басшысы бақытбек танагөзов жергілікті тұрғындарды құтықтап, газ жүйесінің лентасын қиды.
2014-2015 жылдары Бәйдібек ауданының орталығы Шаянға көгілдір отын берілген болатын. Қарқынды жүргізілген құрылыстың арқасында таяу арада тағы біраз елді мекенді газбен қамту көзделіп отыр.Орталықпен іргелес жатқан Шалдар ауылының тұрғындары көптен күткен қуаныштарына қол жеткізді. Осы мекенде туып-өскен Мірәлбай Әбдібаев енді болашақ ұрпағының жылдар бойы көмір жағып, күл шығарып әуреге түспейтініне риза. Жылдың төрт мезгілінде газдың игілігін көреміз деген ауыл тұрғыны басшыларға алғысын жеткізді.
Ауылды дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл туралы Елбасының халыққа арнаған Жолдауларында да жыл сайын айтылып келеді. Тапсырмаға сәйкес, Бәйдібекте ауылдың жағдайын көтеріп, көркейтіп, көгалдандыру ісі қолға алынған. Газ құбырларын тартып, халыққа қолайлы жағдай жасау жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып келеді.