Үшінші мегаполистің әкімі Ерлан Айтаханов «Жыл әкімі» атанды. Шымкент қалалық әкімдігімен тығыз байланыста, қоян-қолтық араласып жұмыс істейтін ақпарат құралдары осындай жағымды жаңалықты елге жарнамалап, әлеуметтік желіде жұрт құтты болсын айтып жатыр.
Мәселенің мән-жайы былай:
«Қазақ үні» республикалық қоғамдық-саяси газеті мен Qazaqunі.kz ұлттық порталы «Жыл адамы – 2019» таңдаулыларын анықтапты. Осы таңдаулылардың ішінде «Жыл әкімі» номинациясына Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың іскерлігі лайықты деп табылыпты.
«Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов үшінші мегаполистің экономикалық-әлеуметтік саласын көтеруге қатты кірісуде. Әсіресе, қала шетіндегі елді мекендер мәселесін қолға алуда. Ол сонымен қатар өзінің қазақ руханиятының қамқоршысы екенін көрсете білді. Әкімнің бастамасымен Шымкент қаласында қазақ ақындарының өлеңдері жазылған баннерлер ілініп (қызығы сол, жырлары баннерге ілінген ақындардың ішінде жоғарыдағы аталған басылымның басшысы, белгілі ақын Қазыбек Иса да бар – ред.) қазақ поэзиясы насихатталды. Сонымен қатар, Ерлан Қуанышұлының қолдауымен Шымкент қаласында белгілі ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов бастаған бірнеше ақынның жыр кештері жоғары деңгейде аталып өтілді», депті Айтахановты осы марапатқа ұсынушылар. Осылайша мегаполисті басқарғанына бар-жоғы бес ай болған Айтаханов іскерлігін ел мойындаған, әкімдік қызметте бес жыл, тіпті он жыл болғандардың көздерін бақырайтып қойып, жыл әкімі атанды. Бәрекелді! Мұндай қарқынмен Айтаханов енді бір жылдан кейін «Tіme» журналының «Жыл адамы» номинациясын иеленіп жатса, таңқалмайтын шығармыз. Жалпы елдің алғысын алып, абыройы аспандап жатқандардан өзгелер үлгі алуға тырысып, табысты болудың құпиясын білуге құмартып жатады ғой. Айтахановтың «Жыл әкімі» болуының астарында нендей құпия жатыр? Одан алатын қандай үлгі бар?
Мұның астарында анау айтқандай құпия жоқ сияқты. Іскер әкім атану үшін алдымен көшеге қазақ ақындарының жырлары жазылған баннерлерді топырлатып іліп тастауыңыз керек екен. Одан кейін есімі елдің аузында жүрген бір-екі ақынның жыр кешін өткізіңіз, бір-екі ақынды қабылдап, иығына шапан жабыңыз.
Осыдан кейін іскерлігіңізге, рухани салаға жасаған қамқорлығыңызға жұрттың сүйсініп кеткені соншалықты тіпті кейбір сезімге берілгіш ақындар сізді Алаш ардақтыларының деңгейіне көтеріп, тіпті Әлихан Бөкейхановқа теңеп жіберетін болады.
Әрине, әкімі ақынын іздеп, төрге шығарып, құрмет көрсеткені дұрыс. Басшылар рухани салаға қолдау көрсетіп жатса, нұр үстіне нұр. Бірақ осы қолдау-қуаттауды жарнамалап, сол арқылы абырой жинау қаншалықты жөн? Ақындықты көкке көтеріп, әкімдіктің өлшемін соншалықты арзандатып жіберуге бола ма? Сіз қалай ойлайсыз? Айтпақшы, Айтахановтың мегаполистің әлеуметтік-экономикалық саласын көтеруге қатты кірісіп жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Қаланың бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың да алғаш келген кездегі екпіні тау қопарарлықтай болған. Мәселе кіріскенде емес, мәселе нақты атқарылған істе болса керек. Айтахановтың мегаполисте біраз бастаманы қолға алғаны рас. Бірақ, әзірге міне, мынау дейтіндей тірліктің жоғын да мойындау керек шығар. Бар-жоғы бес ай болған әкімнен нендей нәтиже сұрауға болады?
Әбдірахымов демекші, жалпы ақпарат құралдарында жаппай жарнамалау, хайп, түк тындырмаса да іскер әкімнің орбазын жасау, имиджін қалыптастыру «зың әкімнен» қалған қаңсық еді» десек, қателеспейтін шығармыз. Өкінішке қарай, Айтахановтың айналасындағылардың да осы әдетті айналып өтпегеніне қынжыласың. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ еді... Әлі есте, қызметіне келген кездері кейбір ақпарат құралдары Әбдірахымовты «Қала күні» мерекесін жоғары деңгейде өткізгені үшін де, сенбілікке шыққаны үшін де жер көкке сыйғызбай мақтайтын. Шымкентте 320 орындық жаңа балабақша, жаңа кондитер фабрикасы ашылғаны үшін Әбдірахымовқа кейбір сайттар, порталдар рейтингте бірінші орын беріп жатты. Мегаполистің мэрі «ең әдемі әкім» деген номинацияны да жеңіп алғаны есте қалыпты. Қызды-қыздымен кейбір телеарналар Әбдірахымовты «халықтық әкім» деп атай бастады. «Халықтық әкім орталық көшеге жөндеу жұмыстарының не себепті жүргізіліп жатқанын түсіндіріп берді» деген сарындағы ақпараттар ұялмай-қызармай эфирден тарап жатты.
«Сонда өзге өңірдің әкімдері халықтық әкім емес пе? Әлде Әбдірахымов халықты жекешелендіріп алған ба?» деп жазған екенбіз, сол кезде «Рейтинг» газетіне. Жер мен көкке сыймай жүрген Әбдірахымовтың ақыр аяғында биліктің сенімін тауысып, абыройсыз жағдайда қызметтен кеткені белгілі.
Қолда бар деректерге қарағанда, Шымкенттегі әлеуметтік жағдай оншалықты мәз емес. Шымкент қалалық әкімдігінің таратқан мәліметтеріне қарағанда, мегаполисте бүгінде ауыз суды 10 елді мекен жартылай пайдаланса (Абдулабад, Тұрдыабад, Өтеміс, Шапырашты, Базарқақпа, Жаңаталап, Игілік, Көкбұлақ, Тәуелсіздікке 20 жыл, Қызылжар), 8 елді мекен тасып ішеді (Батыс, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Ақжар, Айкөл, Асар-2, Ақтас-2, Тұран). Қаланы канализациямен қамту көрсеткіші 50 пайызға да жетпейді. 35 елді мекенде электр сапасы төмен. Мегаполистегі жекеменшік трансформаторлардың мәселесі әлі күнге шешілмей келеді. Қаладағы елді мекендерде әлі күнге тас төселмеген көшелер бар. Ақшасы бөлініп, құрылысы жүріп жатқан нысандардың өздері де уақытында пайдалануға берілмейді. Әкімдік тарапынан бақылау төмен. Халықтың арыз-шағымына құлақ асу – жәй ғана көзбояушылық. Шын мәнінде тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, оны шешу бағытында жасалып жатқан тірліктер аз. Жыл санап қаладағы көлік тығыны күшейіп келеді. Оны азайту бағытында жобалар бар, бірақ нақты іске асып жатқан ешқайсысы жоқ. Айтахановтың іскерлігін осы проблемалар сынаса керек еді. Ал айналасындағылар әкімді арзан пиарлармен іскер еткісі келетін сияқты.
Жалпы алғанда Айтахановтың атқарған жұмыстарын асыра жарнамалау қарашада, әкімнің қызметіне тағайындалғанына жүз күндігін атап өтуде байқалған. Ақпарат құралдарында жүз күнде атқарылған жұмыстары туралы сала-құлаш есептер жарияланған. Өкінішке қарай, сол есептерден ештеңе де есте қалмапты.
Айтахановтың өзіне дейінгі Әбдірахымовтан басты артықшылығы – жергілікті жерден шыққан. Жергілікті жағдайды жақсы біледі. Кабинетінен шықпаған шенеунік емес, әкімдіктің ыстық-суығын көрген азамат. Бірақ, Айтаханов өзіне дейінгі әкімнің қателігін қайталамаса жарар еді. Бұл мегаполистің әкімін орға жығады-ау. Айтахановтың имиджін жасаушылардың бүгінгі аяқ алысынан осыны байқауға болады. Ал оның соңы немен аяқталар екен? Әйтеуір қарапайым жұртшылық Айтахановқа жүктелген сенімнің сарқылмауын тілейді.
Не де болса әліптің артын бағып көрелік.
Рейтинг газеті