Түрік инвесторлары Түркістанға құрылыс нысандарын салуға ниетті

Қысқаша

Түрік инвесторлары Түркістанға құрылыс нысандарын салуға ниетті

Screenshot_3.jpg

Ыстамбұл қаласында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің, Түркия Республикасының Вице-президенті Фуат Октайдың, ұлттық компаниялар, даму қорлары мен сауда палаталарының басшылары, жоғарғы билік өкілдері және екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен қазақстан-түрік бизнес-форумы өтті.

Түркістан облысынан барған делегацияны облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бастады. Форумда еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, энергетика, машина жасау, химия, тау-кен, металлургия және тоқыма өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және қаржы салаларындағы ынтымақтастықты күшейту мәселелері талқыланды.

«Түркия мен Түркістанды ежелгі тарихи тамырлар мен рухани көзқарастар байланыстырады. Бүгінгі таңда Түркия - Түркістан облысының, жалпы Қазақстанның маңызды, стратегиялық және сенімді серіктесі. Осыған байланысты мен Түркістанды дамытудағы қазақ-түрік ынтымақтастығының маңыздылығын атап өткім келеді. Біздің қалада халықаралық әуежай мен басқа да маңызды нысандардың құрылысына дәл түрік компаниялары қатысуда», -деді Өмірзақ Естайұлы.

Түркістан қаласында бауырлас мемлекеттің қолдауымен халықаралық әуежайдан бөлек өнеркәсіптік жылыжай салу және дайын металл бұйымдарын шығару мен туризм бағытындағы колледж құру сияқты ірі жобалар қолға алынған. Форум аясында Түркістан облысының әкімі түрік капиталының қатысуымен Шығыс базары, сауда орталығы мен қонақ үйлердің құрылысы, төмен вольтты кабельдер шығару бойынша 3 меморандумға қол қойды. Sembol Construction, Ta Group және KastroKablo компанияларымен қол қойылған меморандумдардың жалпы сомасы 200 миллион АҚШ долларын құрайды.