Түркістандық оқушыларға сертификат табысталды

Қысқаша

Түркістандық оқушыларға сертификат табысталды

Түркістан оқушылары.jpg

Түркістанда тұрмысы төмен отбасындағы және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 17 оқушы сыйлық сертификаттарына ие болды. Бұған олар рухани шаһардағы «GLOBUS» балаларды дамыту орталығында өздері қалаған сабақтарынан қосымша білім алып және түрлі үйірмелерге қатыса алады. Сертификат құны 84492 теңгені құрайды. Бір реттік акция «Отбасы Академиясы» Қоғамдық қорының «Өнеге» жобасы аясында ұйымдастырылды. Бұл туралы қалалық "Түркістан" газеті хабарлайды. 

«Маусым айынан бастап қиын жағдайға түскен отбасылармен жұмыс жасап келеміз. Осы мақсатта 25 жанұяға көмек қолын создық. 125 кеңес, 27 тренинг, 3 шеберлік сағаты және 2 кездесу өткіздік. Іс-шараға балалармен түрлі саланың қызметкерлері қатысқан болатын», – деп сөзін сабақтаған облыстық іскер әйелдер ұйымының төрайымы Б.Жандосова білімпаздарға елдің ертеңі жас ұрпақтың қолында екендігін айтып өтті. Сондай-ақ, білекті бірді, білімді мыңды жығатындығын ескертіп, білім көкжиегін кеңітетін бұл мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырды.

Ал, «GLOBUS» балаларды дамыту орталығының директоры Айпері Бекболатова келушілерді мекеменің жұмысының тыныс-тіршілігімен таныстырып, жас өрендерге үйірмелерді көрсетті. 2017 жылы ашылған орталық бүгінде 250-ге жуық оқушыға қосымша дәріс береді. Жеткен жетістіктері де жаман емес. Қай сабақтан үлгерімді ілгерілету және қай үйірмеге қызығушылық басым бұл таңдау оқушылардың өз еркінде болмақ.