Түркістанда жаңа саябақ ресми түрде ашылды

Қысқаша

Түркістанда жаңа саябақ ресми түрде ашылды

Screenshot_7.jpg

Рухани шаһар тағы да заманауи, көрікті, саялы бақпен толықты. Есім хан алаңының жаңа көрінісіне айналған, халық асыға күткен “Гүлдер” саябағы бүгін ресми түрде ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен қала əкімі Рашид Аюпов, сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері келіп, гүлзарлы орынның лентасын қиды деп хабарлайды қалалық "Түркістан" газеті. 

Аймақ басшысы Ө.Шөкеев: “Біз үшін қаладағы әрбір нысан аса маңызды. Мұндай орындарды жаңғырту арқылы, біз тұрғындарға жайлылық пен ыңғайлылық танытуды көздейміз. Ендеше, жаңа саябақ құтты болсын! Туыстарыңыз, дос-жарандарыңызбен керемет кеш өткізудің таптырмас орны боларына кәміл сенімдімін”, – дей келе, еліміздің жауһарына айналуы тиіс өңіріміз үшін жұдырықтай жұмыла қызмет етуге шақырды.

Шаһар басшысы Рашид Абатұлының сөзінше саябақтар саны алда да артатын болады. Сәйкесінше, бір-бірін қайталамайтын өзіндік ерекшелігі де қалыптасады. Ал, жаңа алаң бүгінде құрылысы жүріп жатқан Отырар мөлтек ауданындағы әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтермек. Жалпы, жыл соңына дейін Қазыбек би көшесіндегі кіші аллея мен қайта жаңғырту жұмысы жанданған “Жеңіс” саябағы пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, қаланың шеткі аумағындағы мөлтек аудандар да келер жылы 8 аллеямен толығатын болады.

Айта кетейік, аталған демалыс орны “Түркістан жарық-тазалық” ЖШС-нің мердігерлік еткен кезекті жобасы болатын. Ал, абаттандыру жұмыстары қыркүйек айында басталып, екі ай ішінде халық игілігіне беріліп отыр. Демалыс орнында диаметрі 35 метрлік субұрқақ, 10 үлкен және 72 кіші жарықшамдар, хоббиттер үйі, көгал және гүлдер қойылған. Орындықтар мен қоқыс жәшіктері де қарастырылған. Сондай-ақ, алдағы көктем мезгілінде раушан және басқа да түрлі гүлдер егіліп, қаланың шырайын келістірер орынның кейіпі көріктене түспек.