Бүгін Түркістан қаласында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Turkistan open media forum: Жаңа және дәстүрлі медиа: ынтымақтастықтың заманауи модельдері» атты форум өтті. Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен, облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен өткен форум еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналды.
Өңірлік журналистиканы дамыту, ондағы мәселелерді шешу жолдарын қарастыруға арналған форумға Түркістан облысымен көршілес жатқан Қызылорда, Жамбыл облыстарынан, Шымкент, Алматы қалаларынан жанына қаламды серік еткен жазушы, журналистер қауымы келді. Атап айтсақ, ҚР Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы-журналист Мархабат Байғұт, Жазушылар Одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Шойбек Орынбай, «Жас алаш» газеті бас редакторының орынбасары Оралхан Дәуіт, медиатренер Жұлдыз Әбділда, Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Біржан Сөктай, Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыстық "Арай" газетінің бас редакторы Дәулет Төленді, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, «Сыр-Медиа» ЖШС директорының орынбасары Дәурен Омаров және тағы да бірқатар ақпарат майданындағы танымал азаматтар қатысты.
Форумды Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай ашып, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің құттықтау хатын оқыды. Басқарма төрағасының құттықтау хатында:
«Бүгінгі ақпарат айдыны өте шапшаң дамуда. Осындай сындарлы кезең замана көшіне ілесіп қана қоймай, кез-келген қиындықтардан жаңашылдықпен жол тауып, тың пікірлермен заманауи тілмен айтқанда креативті идеяларға арқа сүйеуді қажет етеді. Мұндай жағдайда медиакеңістікте тер төгіп, ақпарат саласының қазанында қайнап жүрген қызметкерлердің басын қосу, тәжірибе бөлісудің маңызы өте зор. Тек Түркістан ғана емес, республиканың бірнеше өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының, блогерлерінің басын қосқан бүгінгі медиафорумның алға қойған мақсаты – осы салада жүрген мамандардың тәжірибесін ұштау, құнды пікірлерді алға қарай ілгерілету деп есептеймін», - делінген.
Ғалымжан Қамытбекұлы аталған іс-шараның маңызы мен негізгі мақсатына тоқталып өтті:
- Бүгінгі форумның атауын «Түркістан оупен медиа» яғни, ашық медиа деп бекер қойып отырғанымыз жоқ. Түркістан – дүйім қазақтың рухани астанасы, түбі бір түркі дүниенің тал бесігі. Демек, қазақтың рухани жаңғыруы, рухани оянуы да осы қаладан басталу тиіс. Бұл ретте ақпараттық кеңістікте болып жатқан тенденцияларды жіті бақылап, заман талабына сай өзгеріс жасауға дайын болуымыз керек. Демократиялық қоғамның басты белгісі - ақпараттың ашық әрі еркін таралуы. Бұл – қазіргі таңдағы ең өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Біз білетін дәстүрлі ақпарат құралдары – газет пен журнал, теледидар мен радио көп жылдан бері қалыптасқан жұмыс істеу жүйесін өзгертуге мәжбүр. Өзгеріске қарай қадам баспаса ол ақпарат құралы құрдымға кетері анық. Көп ретте интернет пен әлеуметтік желілер дәстүрлі медианың бәсекелестері ретінде айтылып жүр. Себебі аудитория үшін талас жүріп жатыр. Дегенмен, біздіңше, жаңа және дәстүрлі медиаресурстарды бәсекелес емес, ортақ жобаларда ынтымақтасатын әріптес ретінде қарауы керек. Кез-келген газет-журнал, телевизия мен радио жаңа медиаресурстарды барынша игеруі тиіс. Сол себепті де форумның басты тақырыбы етіп дәстүрлі және жаңа медианың арасындағы ынтымақтастықты таңдап отырмыз.
Алқалы жиында Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаев журналист болу ең бірінші кезекте ар мен ұяты талап ететінін айтты:
- Журналистика деген орысша айтқанда "штучная" мамандық. Кез-келген адам журналист бола алмайды. Журналист болу үшін адамда жүрек және нақты өмірлік позициясы болу керек. Сонда ғана ол жақсы журналист бола алады. Журналистке xалық сенеді. Сондықтан да журналист елге жақын болу керек. Қазақстанда қоғамдағы түйіткілді мәселелерді ашып айта алатын журналистикадан басқа ешқандай институт жоқ.
Сонымен қатар, Журналистер Одағының төрағасы журналистте өз кәсібі болуы керектінін xабарлады. Ешкімге алақан жаймай өз күнін өзі көре алатын, ешкімге қарыздар емес журналист шындықты айтудан қорықпайды. Сөз соңында Сейітқазы Матаев форум жұмысына сәттілік тілеп, Одақ қатарына Түркістан мен Шымкентке танымал "Оңтүстік" телеарнасының тілшісі Мақсұт Айтжанов пен Созақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Ерлан Райымқұловты қосты.
Көп жылдар ел газетінде еңбек еткен белгілі қаламгер, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Мархабат Байғұт «Егеменнің» ел тарихындағы ерекше орны мен бүгінгі өзгеше бағыты туралы әңгімеледі. Жас журналистерді жаңашылдыққа, өз міндетін атқаруда жауапкершілікке үндеді.
Сондай-ақ жиында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай ардагер журналистерге шапан жабылып, құрмет көрсетілді.
Форум барысында танымал журналист, «Заң медиа» ЖШС Бас директоры Досымбек Қонысбекұлы «Жаңа және дәстүрлі медиа: ынтымақтастықтың жаңа модельдері» тақырыбында пленарлық сессиясын өткізді. Сессияда «Отырар» медиахолдингінің директоры Әйгерім Жұмағұлова, «Оңтүстік рабат» газетінің редакторы Жәнібек Нұрыш, Жамбыл облыстық «Арай» газетінің бас редакторы Дәулет Төленді ой толғады. Бұл сессиядағы айтылған ойлар журналистер арасында қызу пікірталас тудырып, түрлі пікірлер айтылды. Түптеп келгенде барлығы "Қайтсек қазақтілді журналистиканы дамытамыз?" сауалына жауап іздеді.
Ал, белгілі медиатренер Жұлдыз Әбділда өткізген «Фейк жаңалықтар индустриясы: зардабымен күресу жолдары» тақырыбындағы сессияда БАҚ беттерінде оқтын-оқтын жарияланып тұратын жалған жаңалықтарды қалай тиюға болатыны жөнінде ой қозғалды. Сессия спикері Біржан Сөктай жалған ақпараттар әлеуметтік желілер арқылы кең тарайтынын, сондықтан да оқырмандар әлеуметтік желі арқылы таралған ақпаратты жан-жақты сараптап алу керектігін айтты. Жұлдыз Әбділда өзінің жұмыс тәжірибесінде болған оқиғалармен бөлісіп, әлеуметтік желідегі мұндай жаңалықтарға тек оқырмандар ғана емес, журналистер де сеніп қалып жататынын, сондықтан да азаматтарға кәсіби көзқарас пен сыни ойлау керектігін айтты.
Форум аясында Қазақстан Журналистер одағының Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстық, Шымкент қалалық филиалдары және «Медиакратия» қоғамдық бірлестігі арасында бірлескен меморандумға қол қойылды.
Және де форумнан соң Жұлдыз Әбділда мен Досымбек Қонысбекұлы XҚТУ студенттері мен журналистерге білікті арттыру мақсатында семинар өткізіп, сертификат табыстады.