Шымкент қаласының әкімі Е.Айтахановтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, мәжілісте «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және 2020 – 2025 жылдарға арналған жобасы мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жайында мәселелер қаралды.
Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Н. Жаманкөздің айтуынша бүгінде «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы 24,6 миллиард теңгеге 25 нысанның құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген.
Өз кезегінде Ерлан Қуанышұлы инфрақұрылым жүргізбей тұрғын үй салу дұрыс емес екенін айтты.
-Бүгінде негізгі проблемалар осының салдарынан орын алуда. Бір-екі қызметкердің дұрыс емес шешімінің салдарынан бүкіл халық зардап шекпеуі тиіс,- деді Ерлан Айтаханов.
Ал, екінші мәселе мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы баяндаған қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Р.Мүлкеманов аталмыш жобаларды жоспарлау және іске асыру функциясы қала республикалық қалалар санатына жатқызылуына байланысты берілгенін айтты.
Қала әкімі бұл мәселелер бойынша да жұмыла жұмыс істеу керегін қадап айтты. «Мәселен, мектеп құрылысын салуда тапсырыс беруші білім басқармасы болса да оның қай деңгейде салынып жатқанын құрылыс басқармасы мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармалары назарда ұстау керек. Себебі, әр істің басында өз маманы тұрса ғана жемісті нәтиже болады», - деді шаһар басшысы.
Осы жерде Ерлан Айтаханов өте орынды мәселені айтып өтті. Шымкент қаласының коммуналдық саласын біресе кеденші, біресе экономистің басқарып отырғаны «Рейтинг» газетінде бұған дейін де жазылды. Қазіргі басшы Алтай Әлидің мамандығы экономист, заңгер. Бұрын-соңды энергетика, коммуналдық салада тәжірибесі жоқ ол биыл шілдеде Әбдірахымовтың өкімімен қалалық энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы болып тағайындалған еді. Әкімдіктің ресми сайтындағы мәліметке сенсек, ол бұл қызметті әлі де атқарып отыр.
-Әр істің басында өз маманы тұрса ғана жемісті нәтиже болады, - деген әкім алдымен осы басқарманы тәжірибесіздерден тазартуы тиіс сияқты. Айтаханов айтуын айтып жатыр, бірақ айтылған сөз нақты іспен қалай үйлесетіндігіне тақсыр уақыттың төрелігін күтейік.
Рейтинг газеті