-Бұл мәселе бойынша нүкте қойылды, Мемлекет басшысының тиісті тапсырма бергені баршаға белгілі. Біріншіден, бұл мектептің, мұғалімнің және оқушылардың дайындығына байланысты енгізіледі. Айталық, егер төрт пәнді 10-шы және 11-сыныпта ағылшын тілінде оқуға сұраныс болса, соған мүмкіндік береміз. Ол туралы мектептің, мұғалімдердің және ата-аналардың ортақ шешімі болуы керек. Екіншіден, ағылшын тілін бірінші сыныптан оқыту керек пе, жоқ әлде бесінші сыныптан оқытқан дұрыс па деген сұраққа да нүкте қойылды. Ол бойынша шешім былай: енді ағылшын тілі пән ретінде екінші сыныптан басталады, ал үшінші сыныптан бастап оқушы ағылшынша жазып, оқуды үйрене бастайды. Неге? Себебі, біздің ойымызша, бірінші сыныпта жазу және оқу дағдыларын әуелі өз ана тілінде жақсылап қалыптастырып алмайынша, балаға басқа тілде жаңа оқу бастау қиын болады. Тағы бір мәселе – бала ағылшын тілін екінші не үшінші сыныптан, болмаса бесінші сыныптан бастап оқи алады. Егер ата-ана “ағылшынды бесінші сыныптан оқығанын қалаймыз” десе, мақұл, ондай таңдау жасауына да рұқсат беріледі,- дейді министр.
Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш тілде білім берудің енді тек таңдау арқылы, бірнеше сыныпта ғана жүргізілетінін айтқан болатын. Сонымен бірге министрдің айтуынша, енді мұғалімдерді жаппай ағылшын тіліне оқыту да тоқтайды.
-Дайындықтан өткен мұғалімдердің біраз бөлігі қазір ағылшын тілінде сабақ беріп жүр. Бірақ енді ондай ағылшын тілі курстарына басқа мұғалімдерді жібермейміз. Бұдан былай ағылшын тілінде сабақты университетте төрт жыл бойы сол тілде оқып, мектепке жаңадан келген мамандар беретін болады,- деді министр.
Рейтинг газеті