Арыс қаласында қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Жуырда өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен жиында қалпына келтіру жұмыстарына қатысты соңғы мәліметтер айтылды.
Жиынға Қазақстанның барлық облыстарынан келген Арыс қаласында жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстарына жауаптылар, Түркістан облыстық басқарма басшылары мен аудандық әкімдік мамандары қатысты. Басқосуда Арыс қаласындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар және жолдарда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына қатысты соңғы мәліметтер бойынша жауаптылар баяндама жасады. Жиында сөз алған құрылысшылар кедергі келтіріп жатқан бірқатар кемшіліктердің басын ашты. "Жалпы 7500 - ден астам үйдің арасында санаулы үй иелері сараптау қорытындысымен келіспей отыр. Олар күрделі жөндеудің орнына үйлерін түгел сүріп тастап, қайта салуды талап етуде. Барлығына ескертулер жасалды", - деді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ербол Ахметов. Бұл мәселелер жақын күндері шешімін таппақ. Жалпы Арыс қаласындағы құрылыс және қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі кезде толықтай сүріп тастап, жаңадан салынып жатқан үйлердің құрылысы тәулік бойы тынымсыз жүріп жатыр. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев барлық сектор жауаптыларына құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімін белгіленген кесте бойынша, толық аяқтап өткізуді бұйырды. Арыс қаласында жөндеуді қажет ететін – 7 163 нысанның 7154 – тұрғын және көпқабатты үйлерде құрылыс жұмыстары аяқталып, ішкі әрлеу жалғасуда. Қалпына келтіру жұмыстарына 126 құрылыс компаниялары, 4 мыңға жуық жұмысшылар, 200-ден астам арнайы техникалар тартылған.