Түркістан облысы Кентау қаласында шаруалардың басын қосқан семинар-кеңесте өңірдегі ірі сүт фермасының құрылысы басталды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев нысанның іргетасына капсула салу рәсімін жасады. Ферма 1200 басқа арналған. Кентау қаласы Шаға ауылында салынып жатқан нысан 2020 жылы іске қосылады. Жобаның құны 3 652,6 миллион теңге. Осы жерден 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Ферма жылына 4500 т экстра класты сүт өндіреді деген жоспар бар.
«Түркістан – Агро XXI» ЖШС-іне тиесілі ферма «Rota Guido» италия технологиясымен жұмыс істейтін болады. Серіктестік жобаның алғашқы кезеңін (600 басқа) 2020 жылдың тамыз айында толығымен іске қосуды жоспарлауда.
Семинар кеңесте ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, ғылыми институттар басшылары, ғалымдар, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, агроқұрылым басшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Жиында әр өңірден әкелінген өнімдерден көрме ұйымдастырылды. Семинарда Түркістан қаласы азық-түлік белдеуі шеңберінде, су нысандары бойынша іске асырылып жатқан жобалар мен ауыл шаруашылығы саласы көрсеткіштері таныстырылды.