АҚШ даттайды, Тоқаев мақтайды

Қысқаша

Уақтысында Қытайда еңбек еткен, осы елдің тыныс-тіршілігін жақсы біледі десек те, Қытай Қасым-Жомарт Тоқаевты әлі таңғалдырып жүрген сияқты.

АКШ Токаев.jpg

Уақтысында Қытайда еңбек еткен, осы елдің тыныс-тіршілігін жақсы біледі десек те, Қытай Қасым-Жомарт Тоқаевты әлі таңғалдырып жүрген сияқты. Президент осы аптада елордада өткен жиында атқамінерлерге   “Қытайдың адамдардың жеке бас деректерін цифрландыру әдісін” мақтап, осы әдісті тәжірибеге енгізу қажеттігін айтты.


Орталық Азия жаңалықтар қызметінің хабарлауынша, Тоқаевтың мұндай тапсырманы Қазақстанда Қытайға деген қарсылықтың өршіп тұрған кезде бергені таңқаларлық.

- Hіkvіsіon компаниясы… Олардың техникасы жақсы дамыған. Негізгі қалаларын цифрландырды. Өте жақсы цифрландырды. Қалай жасағанын түсіндірмей-ақ қояйын. Экранды бассаң, адам жайлы барлық ақпарат шыға келеді. Қай жылы институт тәмамдады, бос уақытында қайда барады, қандай кредиті бар бәрі шығады, -деген Қасым-Жомарт Тоқаев жиын барысында.

Алайда Президент мысалға келтірген «Hіkvіsіon» компаниясына АҚШ-тың сауда министрлігі санкция салған. Себебі аталған компания бастаған қытайлық 28 компания Шыңжаңдағы аз ұлттарға қысым жасауға атсалысқан көрінеді.  Ал Тоқаев  Қытайға барған сапарында «Hіkvіsіon» компаниясының штаб-пәтерін аралаған болатын.

Өткен айда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео: “Қытайдың Шыңжаңдағы науқаны терроризммен күрес емес, бұл науқан – өз азаматтарының құндылықтарын жою әрекеті”, - деген еді.

АҚШ cанкция салған Қытай компаниялары енді Америкадан Вашингтонның рұқсатынсыз тауар сатып ала алмайды.

Ал Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың қысым көріп, лагерьге қамалып жатқаны туралы ақпарат 2017 жылдың көктемінде шыға бастаған. Өткен жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік - батысындағы “саяси тәрбие лагерлерінде” ұстап отырғанын мәлімдеді. Басында мұндай ақпаратты терістеген Бейжің кейін оны “экстремизмге қарсы шара” деп түсіндірген және саяси лагерлерді “тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар” деп атаған.

Ал биыл қыркүйекте Қазақстанда өткен “Қытай экспансиясына қарсы” наразылық шараларына қатысқан ондаған адам әкімшілік жауапқа тартылып, кейбірі қамалып, кейбіріне айыппұл салынғаны белгілі. Қандай жағдай болса да Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестік байланыстар тереңдей беретін сияқты. Байқасаңыздар, кейінгі кездері билікке Қытайда тәжірибе жинағандар, сол елде оқығандар, қытайтанушылар көптеп келе бастады. 

Рейтинг газеті