Бәйдібек ауданында арнайы комиссияның қорытындысымен 850
отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 221 миллион теңге
төленді. Бұл туралы атаулы әлеуметтік көмек алуға жүгінген азаматтармен
жұмыс жүргізіп отырған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламалар бөлімінің басшысы Шадиярбек Отыншиев хабарлады.
– Жалпы
аудан бойынша 1232 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш
білдірген. Қазіргі таңда арнайы комиссияның қорытындысымен 850 отбасына
атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 221 миллион теңге қаржы төленді.
Ал атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірген 121 азаматтың табысы асып
кеткендіктен, 4-інің құжаттары дұрыс болмағандықтан кері қайтарылған, –
деді Ш.Отыншиев.
Бөлім басшысының айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекке
құжаттар ауылдық округтерде қабылданады. Ауылдық округ әкімдіктері
жанынан арнайы комиссия құрылған. Қабылданған құжаттар аудандық жұмыспен
қамту орталығында тексеріліп, сараланады. Ал аудандық жұмыспен қамту
және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі атаулы әлеуметтік көмекті
тағайындайды. Атаулы әлеуметтік көмек 12 айға тағайындалып, ай сайын
немесе тоқсанына бір рет беріледі.